«QASQA JOL» YouTube бағдарламасының бұл аптадағы қонағы мәдениеттанушы, қоғам белсендісі Серік Ерғали елде болып жатқан соңғы өзгерістерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Оzgeris.info.
Оның айтуынша, кез келген саяси жүйенің негізінде мәдени код жатады. Алайда Қазақстанда саясаткерлер бұл факторды елемей отыр.
– Жалпы саяси өмірдің түбінде мәдени код жатады. Бұл – біздің қазақ екенімізді көрсететін белгі. Әр мемлекеттің саясаты өз мәдениетіне сай құрылуы керек. Ал бізде мәдениетке немқұрайлы қарайды. Қазір қоғамда болып жатқан қорқынышты жағдайлардың себебі де осында. Мәдениет – өте нәзік дүние, – деді ол.
Серік Ерғали дін мәселесіне де тоқталып, даулы пікірін ашық айтты.
– Дін аспаннан түскен жоқ. Бұл – адамзат өзі жасап алған жүйе. Жаратқаннан ілім түсті, ал дінді адам баласы соның негізінде құрастырды. Қазір бәрін «аян» деп қабылдаймыз, бірақ оның артында адамдар мен ғалымдар отыр. Сондықтан соқыр сенімге берілмеу керек, – деді қоғам белсендісі.
Оның сөзінше, қазақ халқы дұға еткенмен, рухани тұрғыда өз болмысына емес, өзге жұрттың танымына тәуелді болып отыр.
– Қазақ дұға етеді, ал сауабы арабқа кетеді. Біз өз болмысымызды ұмытып барамыз. Бізге парламенттік емес, елдік реформа керек, – деді ол.
Серік Ерғали тоталитарлық қоғамда заңның жұмыс істемейтінін де атап өтті.
– Егер қоғам тоталитарлық сипат алса, заң қағаз жүзінде ғана қалады. Сол себепті заң қоғамдағы мәселелерді шеше алмай отыр, – деді ол.