Шоу-бизнес

"Қазаны кәсіпке айналдырды": Салтанат Нүкенова жайлы кітап жазған ағасы сынға қалды (ВИДЕО)

"Қазаны кәсіпке айналдырды": Салтанат Нүкенова жайлы кітап жазған ағасы сынға қалды (ВИДЕО)

Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді қарындасына арнап кітап жазып шығарғанын мәлімдегеннен кейін желіде үлкен дау туды, деп хабарлайды ozgeris.info. 

Айтбек Амангелді әлеуметтік желідегі парақшасында Салтанат жайлы кітаптың жарық көргенін хабарлап, оның Қазақстан бойынша сауда желілерінде сатылып жатқанын жазды.

«Бұл – менің кішкентай қарындасым туралы кітап. Оның аты — Салтанат. Қазір кітапты Қазақстанда сатып алуға болады», — деп жазды ол.

Айтуынша, кітаптың алғашқы таралымы 7 мың дананы құраған. Алайда бұл жаңалық желі қолданушыларының бір бөлігінің наразылығын тудырды. Олар Айтбек Амангелдіні қарындасының өлімін хайп пен кәсіпке айналдырды деп айыптады.

Желіде тараған пікірлердің бірінде:

«Қайғы — жеке адамның ішкі күйі. Оны жария кеңістікте өзін жарнамалау құралына айналдыру жиіркеніш тудырады» — делінсе, енді бір қолданушылар:
«Салтанаттың атымен кітап, ертең фильм, артынша тағы да жобалар… Бұл шынайы аза емес, жеке пиар», — деп жазды.

Тағы бір пікірде:
«Егер расымен қайғырып жүрсе, дұға жасап, садақа берер еді. Ал қазір ол қарындасының атымен ақша тауып, саяхаттап жүр», — деген сын айтылды.

Сонымен қатар Айтбек Амангелдіні қолдағандар да табылды. Олар бұл туындыны қарындасына арналған естелік деп бағалап, сын айтушыларды эмпатия танытуға шақырды.

«Кітап — мәңгілік мұра. Бұл оның жеке қайғысын өткерудің бір жолы болуы мүмкін»,
«Ол туған адамынан айырылды. Мұндай жағдайда әркім қайғыны әртүрлі қабылдайды», — деп жазды желі қолданушылары.

Пікірталасқа өзін жазушы ретінде таныстырған қолданушы да араласып, кітап шығару ешқашан оңай табыс әкелмейтінін алға тартты.

«Бір кітапқа 1,5 жыл уақыт пен 8 миллион теңгеден астам қаражат кетеді. Биографиялық кітап өзін ешқашан ақтамайды. Сондықтан мұнда бизнес туралы айту орынсыз», — деді ол.

Қалай болғанда да, Айтбек Амангелдінің бұл әрекеті қоғамды екіге бөліп, Салтанат Нүкенованың есімі қайтадан ақпараттық кеңістіктің ортасына шықты.

Барлық жаңалық