Ақмола облысының Бұланды ауданындағы Жаңаталап ауылы маңында орналасқан «Астана – Петропавл» автожолында жеңіл автокөлік өртенді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде кеңінен тарады. Кадрларда көліктің толықтай жалынға оранғаны байқалады. Сондай-ақ желі қолданушылары оқиға салдарынан адам шығыны болуы мүмкін екенін жазған.
Ақмола облыстық Полиция департаменті аталған оқиғаның болғанын растады. Ведомствоның мәліметінше, автокөліктің өртену дерегі бойынша тексеру жұмыстары басталған.
Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, адам шығыны бар. Марқұмдардың жеке басын анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Полиция өкілдері оқиғаның барлық мән-жайы, өрттің шығу себебі және өзге де жағдайлар анықталғаннан кейін қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданатынын мәлімдеді.
Тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.