Алматы облысы

«Қауіпті күз»: Алматының ауасынан алғаш рет бұрын ғалымдардың бақылауында кездеспеген микроскопиялық зең тіркелді

Қала тұрғындары мен қонақтарының шағымы көбейді. Әсіресе, аллергиясы барлар қиналуда. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады. 

Қазақстандық ғалым Қайсар Табынов өзінің Facebook парақшасында қала ауасынан алғаш рет бұрын-соңды тіркелмеген микроскопиялық зеңнің анықталғанын хабарлады. Ол - Cladosporium herbarum деп аталады. Оның айтуынша, ол күшті аллерген, әрі Алматыда алғаш рет байқалып отыр.

Жусан мен амброзия тозаңы рекорд жаңартты

Ғалымның дерегінше, өткен аптада қаладағы жусан тозаңының деңгейі аптаның 7 күнінің 5 күнінде сын көтермес деңгейде сақталған. Сенбі күні көрсеткіш рекордтық 1173 түйіршік/м³-ке жеткен. Сонымен бірге дүйсенбі және жексенбі күндері амброзия гүлдеуі бойынша жекелеген өршулер тіркелген.

Жауын-шашыннан кейін ауаның құрамында микроскопиялық зеңдердің споралары күрт көбейген. Мамандар бұл аллергиясы бар адамдар үшін аса қауіпті жағдай екенін айтады. Жусан тозаңымен байланысты аллергиялық ринит пен астма симптомдары асқынуы мүмкін, ал зең аллергендері қосымша салмақ түсіреді.

Қалалық ауадағы аллергендердің үлесі:

• Жусан (Artemisia) – 80%

• Амброзия (Ambrosia) – 7%

• Cladosporium herbarum – 6%

• Alternaria alternata – 5%

• Басқа аллергендер – 2%-дан аз

Маман қорғану шараларымен бөлісті

Қайсар Табынов аллергиясы бар адамдарға құрғақ әрі желді күндері далада көп жүрмеуді, медициналық маска тағуды, терезелерді жабық ұстауды және үй ішінде ауа тазартқыш қолдануды ұсынады. Сонымен қатар аллерголог дәрігерлерге қаралу қажет.

Threads желісінде алматылықтар денсаулығының нашарлағанын ашық жазып жатыр:

«Бұрын-соңды мұндай қатты аллергия болған емес, биыл күзде асқынып барады»

 

«Кеше өліп қала жаздадым, өмірімде мұнша көп түшкіріп, жылаған жоқпын»

 

«Қатты, тіпті ұстамаға тұншығып өліп қалам ба деп ойладым»

 

Аллергия мен тұмауды қалай ажыратуға болады

Мамандардың айтуынша, көктем-күз мезгілінде аллергиясы бар адамға тұмау мен аллергияны ажырату қиынға соғады. Есте сақтайтын негізгі айырмашылықтар:

- Аллергия дене қызуын көтермейді.

- Бұлшық еттің ауыруы, тамақтың қырнауы, қатты әлсіздік – көбіне тұмаудың белгісі.

- Мұрыннан бөлінетін сұйықтық мөлдір болса – бұл аллергияға тән, ал қақырық жасыл болса – тұмау болуы ықтимал.

- Аллергия белгілері ауада тозаң көбейген сайын апталап үдейді, ал вирустық инфекция белгілері бірнеше күн ішінде пайда болады.

Қазақстанда маусымдық аллергия – өсіп келе жатқан мәселе. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, маусымдық аллергиялық ринит пен астма халықтың 25–35%ында кездеседі. Және бұл көрсеткіш өсіп келеді. 

Аллергиялық ринит пен астма көбіне мына өсімдіктердің гүлдеу кезеңінде өршиді:

Сәуір – мамырдың соңы – қарағаш, қайың, терек, емен

Маусым – шілденің ортасы – астық тұқымдас шөптер

Шілде – қазанның басы – жусан, амброзия, қалақай және басқа арамшөптер

Көмекке жүгінуге болады ма?

МӘМС аясында мамандандырылған аллергологиялық көмек төмендегі орталықтарда көрсетіледі:

-Астанадағы Республикалық диагностикалық орталықтың клиникалық иммунология, аллергология және пульмонология бөлімі;

- «Ақсай» республикалық балалар клиникалық ауруханасы

- Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының аллергология бөлімі;

- Шымкент көпсалалы ауруханасының аллергология бөлімі.

Барлық жаңалық