Қоғам

"Қатты сағындық": Димаш марқұм Мұхтар Шаханов туралы жазба жариялады (ФОТО)

"Қатты сағындық": Димаш марқұм Мұхтар Шаханов туралы жазба жариялады (ФОТО)

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Instagram парақшасында марқұм ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановпен түскен суретін жариялап, көпшіліктің жүрегін елжіретті. Желі қолданушылары ақынға деген сағынышын білдіріп, Димашқа жылы лебіздерін жаудырған, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Әншінің жазбасына екі күн ішінде 38 мыңнан астам лайк пен жүздеген пікір жиналған. Оқырмандардың басым бөлігі Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесін еске алып, оған деген құрметін білдірді.

Пікір қалдырғандардың бірі: «Мұхтар Шахановтың жатқан жері жарық болсын. Ал саған ұзақ әрі бақытты өмір тілеймін, қымбатты Димаш», – деп жазған.

Тағы бір желі қолданушысы: «Сен барлық адамды құрметтейсің әрі ешкімді ұмытпайсың. Миллиондаған адамның жүрегінде із қалдырған жандардың рухы шат болсын. Ал сен біздің күнімізсің, адамдардың жүрегінде әлі де із қалдырып келесің», – деген пікір қалдырған.

Шетелдік тыңдармандар да пікір білдіріп, Димаштың Мұхтар Шахановқа деген құрметіне тәнті болғандарын жеткізді.

Аргентинадан жазған тыңдарман: «Сені көру қандай ғанибет, Димаш. Екі аңызға сәлем!» – деп жазса, тағы бірі: «Нағыз аңызға қайғырып көңіл айтамыз. Димаш, сені қатты сағындық», – деген. 

Түркиялық желі қолданушысы Мұхтар Шахановты «Түркі дүниесінің ар-ожданы мен жадына айналған тұлға» деп сипаттап, оның қазақ руханиятына қосқан үлесі ұмытылмайтынын атап өтті.

Ал қазақстандық оқырмандардың бірі: «Димашжан, сен де әлем таныған тұлғаға айналдың. Аман жүр, қазақтың беткеұстар азаматы», – деп ақ тілегін арнаған.

Барлық жаңалық