Спорт

«Қатты қысым басталды»: Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов Президентке үндеу жасады

«Қатты қысым басталды»: Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов Президентке үндеу жасады

Белгілі спорт журналисі Аслан Қаженов өзіне қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Оның айтуынша, Жапониядағы оқиғадан кейін Геннадий Головкинге қатысты жазбасын өшіру талап етіліп, кейін жұмыстан кету немесе заң бойынша жауапқа тартылу мәселесі көтерілген. Журналист бұл жағдайға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың назар аударуын сұрады.

ҚАТТЫ ҚЫСЫМ БАСТАЛДЫ!

Жапония төрінде болған жағдайды білесіздер. Сол кезде Геннадий Головкинге қатысты постты алмасаң эфирге шығармаймыз, жұмыстан шеттетеміз, заңмен қудалаймыз деген сияқты әртүрлі хабарлама келді. Екі күннен кейін «ұлтаралық алауыздықты қоздырдың» деген себеппен соттатқалы жатырмыз дегенді тағы жеткізді. Амал жоқ, постты алып тастадым. Отбасы бар, бала-шаға бар дегендей. Енді Астанаға келсем, жұмыста «қазір өз еркіңмен қызметіңнен кет немесе бірнеше бап бойынша соттатамыз дегенді» алға тартады. «Хабар» Агенттігінің заңгері кәдімгідей ізденіп, бүкіл постымды зерделеп шығыпты. Арасынан «қаракөздер құқығын қорғамадың» дегенді ұлтаралық алауыздықты қоздыру, «сенің к...е кірмеймін» дегенді жеке басын балағаттау деп, кәдімгі ресми арыз-шағымдарын дайындап қойыпты. Айтпақшы, бұл істер ІІМ-де жатыр. Егер өз еркіңмен кетпесең, басың бәлеге қалады дегенді қадап айтты. 

Ең қызығы – барлық тапсырманы Президент Әкімшілігіндегі бір адам беріп отыр дейді. Одан кейін ақпаратқа жауапты министрдің тікелей тапсырмасы дегенді естідім. Жазбасы да бар. Біз өзі қандай елде өмір сүріп жатырмыз? Қазақ спортының проблемасын айту – қылмыс па? Қазақ спортшыларының жанайқайын жеткізуші – қылмыскер ме? Сөз бостандығы қайда? Журналистің құқығы қайда? Сонда «Ясмина Тоқсанбаеваның, Виктория Графееваның, Наталья Богданованың жеңістерін ұрлатып, не істеп жүрсіңдер?» дегенге темір торға қамата ма? Онда біткен екенбіз ғой.

Құрметті, Қасым-Жомарт Тоқаев, бұл мәселе Сізге жетеді және назар аударасыз деп сенемін. Мемлекеттік арнада 15 жыл еңбек еткен қатардағы тілшіні осынша қысымға алып жатыр. Мен қарапайым адаммын. Біреулер сияқты төбеден тапсырма беретін саяси ықпалым да жоқ не азулы адвокаттарды жалдап қырылатын ақшам да жоқ. Бірақ, обьективті түрде сын айта аламын. Сол арқылы отандық спорттағы жағдайларды оң бағытта реттеуге боларына сенімдімін…-деп жазды ол.

Барлық жаңалық