Атырау облысы

Қатты жел Атырауда тұрғын үйлер мен көліктерге зиян келтірді

Қатты жел Атырауда тұрғын үйлер мен көліктерге зиян келтірді

Атырау қаласында қолайсыз ауа райы тұрғындарға қиындық туғызды деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Ақ-Жайық сайтына сілтемемен. Қатты жел мен көктайғақтың салдарынан бірнеше төтенше жағдай орын алып, тұрғын үйлер мен инфрақұрылымға зақым келді, деп хабарлайды «Ақ Жайық».

 

Қала аумағында электр жарығының уақытша өшуі, тұрғын үйлердің қасбеттерінің құлауы және шатырлардың желмен ұшып, автокөліктерге түсу деректері тіркелген. Таңғы уақытта табиғаттың тосын мінезі әсіресе тұрғын аудандарда айқын байқалды.

 

Нұрсая ықшамауданында көпқабатты үйлердің бірінің қасбеті опырылып, кірпіштер аула аумағына шашылған. Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға кезінде маңайда адам болмаған, зардап шеккендер жоқ.Ал Алмагүл ықшамауданында қатты жел жұлып әкеткен металл шатыр тұрақта тұрған Hyundai Elantra көлігінің үстіне құлаған. Көлік иесінің айтуынша, оқиға орнына жедел түрде Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері келген.

 

Сонымен қатар қала көшелерінде үзілген электр сымдары байқалып отыр. Кейбір аудандарда кабельдер жерге түсіп, тұрғындар үшін қауіпті жағдай туғызуда.

 

«Ауа райының күрт нашарлауына байланысты (жаңбыр аралас қар және қатты жел) электр желілерінде апатты өшірулер болды. Электрмен қамтуды қалпына келтіру үшін мамандар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр», – деп мәлімдеді «Атырау Жарық» ЖШС өкілдері.

Барлық жаңалық