Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Токио қаласының губернаторы Юрико Коикэмен кездесті, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Ақорданың баспасөз қызметіне сілтемемен.
Кездесу барысында тараптар цифрландыру, Smart city технологияларын дамыту, жасанды интеллект, қалалардың орнықты дамуы және қалалық басқаруға инновациялық шешімдерді енгізу мәселелерін талқылады. Сондай-ақ мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы, экологиялық тұрғыдан тұрақты, қауіпсіз әрі инклюзивті қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған шараларға ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы екі астана арасындағы ынтымақтастықтың, әсіресе жасанды интеллектіні қалалық басқару жүйелеріне енгізу бағытында әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Кездесу аясында Қасым-Жомарт Тоқаевқа Токио қаласының Smart city тұжырымдамасы таныстырылды. Бұл жоба озық технологияларды пайдалану арқылы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, басқару тиімділігін күшейтуге және қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.