Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтап, мерекелік үндеу жолдады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында Республика күнінің тарихи маңызын атап өтіп, елдің тәуелсіздікке бастаған жолын еске алды.
«Құрметті отандастар!Сіздерді шын жүректен Республика күнімен құттықтаймын!35 жыл бұрын қабылданған Тәуелсіздік туралы Декларация еліміздің жаңа тарихи дәуірге қадам басқанын білдірді. Бұл тағдыршешті құжат халқымызға өз болашағын өзі айқындауға мүмкіндік беріп, қазіргі Қазақстанның іргетасын қалаған маңызды қадам болды», - деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік жылдарында елде саяси және экономикалық іргетас қаланып, халықаралық деңгейде мойындалған шекаралар бекітіліп, жаңа астана бой көтергенін, ұлттық бірегейлікті нығайту мен азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілгенін атап өтті.
«Біз бейбіт те сын-қатерге толы заманда өмір сүріп отырмыз. Соған қарамастан, әділетті, тең мүмкіндіктерге негізделген Қазақстанды қалыптастырып келеміз. Саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың барлығы елдің өркендеуі мен халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған», — деді ол.
Мемлекет басшысы қоғамда «Заң және тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын орнықтырудың, сондай-ақ патриотизм, ынтымақ, еңбекқорлық және білімге құштарлық сияқты құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.
«Әр буынның өз тарихи миссиясы бар. Біз ата-бабалар аманатына адал болып, Тәуелсіздігімізді жан-жақты нығайтуға және Қазақстанды әділетті, дамыған елге айналдыруға тиіспіз. Бірлік пен еңбексүйгіштік арқылы біз көздеген мақсаттарымызға жетіп, жаңа белестерді бағындырамыз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент барша азаматтарға мықты денсаулық, амандық және жаңа жетістіктер тіледі.