Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордаға жасаған жұмыс сапары аясында Индустриялық парк №1 аумағында орналасқан Tausogar зауытына барды деп хабарлайды Оzgeris.info.
Аталған кәсіпорын құрылыс саласын заманауи көтергіш машиналармен және механизмдермен қамтамасыз етеді. Зауытта қазіргі таңда 44 жоғары білікті маман еңбек етеді.
Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 200 лифт, 70 эскалатор және 70 мұнаралы кран шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өнімдер елдегі құрылыс және инфрақұрылым жобаларында кеңінен қолданылып келеді.
Зауыт ұжымымен кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның Қазақстанның инфрақұрылымын дамытуға қосып отырған үлесін атап өтіп, алдағы уақытта оның бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыруға сенім білдірді.