Алматы облысының Қаскелең қаласында 21 жастағы қыздың өлімі елді шошытты. Екі күн бұрын оның мәйіті өз үйінің жертөлесінен табылған, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты КТК арнасына сілтеме жасап.
Полиция мәліметінше, қылмысқа күдікті ретінде марқұмның жігіті ұсталған. Тергеу деректеріне сүйенсек, екеуі соңғы бес жыл бойы кездесіп жүрген. Көршілердің айтуынша, қос тарап бір-бірімен жақсы араласқан және жуырда үйленуді жоспарлаған.Қайғылы жағдайдан бір күн бұрын қыз жігітімен кездесуге шығып, сол күйі үйіне оралмаған. Анасы ертесі күні қызын таба алмай, полицияға хабар берген.
Кейін маңайдағы бейнебақылау камералары тексеріліп, таңғы үш шамасында белгісіз ер адамның қыздың денесін үйдің ауласына сүйреп әкелген сәті анықталған. Тергеу нәтижесінде бұл адамның марқұмның жігіті екені белгілі болды.Көршілері де болған жайтқа сене алмай отыр:
«Жігіті бар деп еститінбіз. Ашық-жарқын, амандасып жүретін қыз еді. Мұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған жоқ», – дейді тұрғын Роза Қалбекова.
Қазір аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.