Жаңалықтар

Қаржыны үнемдеудің ұтымды жолы: Өзбекстан АЭС құрылысын қалай арзандатты

Қаржыны үнемдеудің ұтымды жолы: Өзбекстан АЭС құрылысын қалай арзандатты

Өзбекстанда атом электр станциясының құрылысы қызу жүріп жатыр. Қазіргі уақытта жұмысшылар қазаншұңқыр қазып бетон құюға кірісті. Көрші елдің бұл ауқымды жобасы Қазақстанда жоспарланған станциядан екі есе дерлік арзанға түспек. Біздің елде алып құрылыс тек 2027 жылы басталады. Отандық компанияларға бұл іске қатысу үшін арнайы сертификат алу оңайға соқпайтыны бүгіннен белгілі, деп хабарлайды ozgeris.info сайты nationalbusiness.kz ке сілтеп.

Мұндай орасан зор қаржыны үнемдеудің сыры қарапайым шешімде жатыр. "Өзатом" директоры Азим Ахмедхаджаев бұл жағдайды "NBK" басылымына егжей-тегжейлі түсіндірді. Бастапқыда көршілер баламалы қуат көздерін теңгеру үшін тек шағын реакторлар салуды көздеген. Алайда бұл технологияның бағасы тым қымбатқа түскен. Мәселені шешу үшін мемлекет басшысы мамандарға жаңа бағыт нұсқады. Ел президенті үлкен және кіші қондырғыларды бір аумақта орналастыруды есептеп көруді тапсырған.

Бір ортақ зауыттық шаруашылық құру шығынды айтарлықтай азайтып жобаның құнын теңестіруге септігін тигізді. Түрлі типтегі реакторларды бөлек салғаннан гөрі бір жерде тоғыстыру әлдеқайда тиімді болып шықты. Ведомство басшысы жаңа жобаның экономикалық пайдасы зор екенін нақты растады.

Көршілес мемлекеттің біріктірілген кешеніне ең көбі 9,5 миллиард доллар жұмсалады. Жызақ облысындағы бір алаңда бірден төрт реактор бой көтереді. Оның екеуі жалпы қуаты 2 гигаватт болатын үлкен "ВВЭР-1000" қондырғысы. Қалған екеуі әрқайсысы 55 мегаваттық "РИТМ-200Н" шағын реакторлары. Осылайша станцияның жалпы қуаты 2,1 гигаваттан асады.

Қазақстанның АЭС жобасы мүлдем басқаша бағаланып отыр. Екі "ВВЭР-1200" реакторы бар 2400 мегаваттық станцияны тұрғызу шамамен 16,5 миллиард долларды қажет етеді. Бұған қоса инфрақұрылым мен қауіпсіздік жүйесін жасақтауға тағы екі миллиард доллар сұралады.

Барлық жаңалық