Қарағанды қаласында техногендік сипаттағы жергілікті төтенше жағдай режимі енгізілді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен. Тиісті қаулыға қала әкімі Мейрам Қожухов қол қойды.
Қарағанды әкімдігінің мәліметінше, төтенше жағдай №10 кәріз коллекторының апатты жағдайдағы бөлігін шұғыл ауыстыру мақсатында жарияланған. Бұл коллектор Федоров су қоймасы маңындағы аумақтан өтеді.Мұндай шешім құрылыс жұмыстарын тездетіп бастауға және қажетті материалдарды жедел сатып алуға мүмкіндік береді.
«Коллектордың бір бөлігі саяжай аумағы арқылы өтеді. Сол аймақтағы апатты учаскені айналып өтетін жаңа желі салу туралы шешім қабылданды. Бұл жеке үйлердің аумағына араласусыз жұмыстар жүргізуге және су бұру жүйесінің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді», – делінген әкімдік хабарламасында.
Жалпы ұзындығы 3,2 шақырымдық құбыр ауыстырылмақ. Қазіргі уақытта жүйе қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр, ешқандай апат немесе су тасуы тіркелмеген.Қалалық әкімдік жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.