Қарағанды облысының Нұра ауданында ер адам өз егісіне кіріп кеткен жылқыларды оқпен атқан, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.
Оқиға 28 қыркүйек күні Заречное ауылының маңында болған. Telegram-дағы «Вечерняя Караганда» арнасының мәліметінше, оқ тиген 17 жылқының 14-і оқиға орнында қаза тапқан.Куәгерлердің айтуынша, ер адам көлігімен далада жылқыларды қуып жүріп, жол-жөнекей оқ атқан, кейін оқиға орнынан ізін суытқан.
Полицияның мәліметінше, жылқылардың иелеріне келген залал бойынша «Бөгденің мүлкін әдейі жою» бабымен қылмыстық іс қозғалды.
«Аталған қылмысты жасады деген күдікпен Нұра ауданының 53 жастағы тұрғыны ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді», — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.Полиция қоғамға ескерту жасады:
«Бөгденің мүлкіне залал келтіру немесе заңсыз әрекетке бару фактілері қатаң түрде тоқтатылады».