Қарағанды облысының Шет ауданында, Мойынты стансасында орналасқан дәмханалардың бірінде газ баллоны жарылып, соның салдарынан өрт шықты. Бұл туралы Оzgeris.info сайты Төтенше жағдайлар министрлігі сілтеме жасап хабарлайды.
Министрліктің ақпаратынша, өрт бір қабатты ғимаратты толық қамтып, жалпы аумағы 300 шаршы метрді құраған. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында өрт толығымен сөндірілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, жарылыстың негізгі себебі газбен жабдықтау жүйелерін, соның ішінде тұрмыстық газ баллондарын қауіпсіз пайдалану талаптарының бұзылуы. Жарылыс салдарынан ғимараттың төбесі опырылып, қирандылар пайда болған. Қазіргі уақытта үйінділерді тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Нақты деректерге сәйкес, оқиға салдарынан екі адам көз жұмды, ал он бір адам түрлі жарақатпен аудандық ауруханаға жеткізілді. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Бұған дейін зардап шеккендер саны тоғыз адам деп хабарланған болатын.
Құтқару қызметінің мамандары зақымданған құрылымдарды тексеріп, өрттің қайта тұтануына жол бермеу үшін қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдауда. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.