Елімізде отбасы құрғанына бес жылдан аспаған жұптар үшін арнайы «Жас отбасы» ипотекалық бағдарламасы іске қосылған. Оның басты артықшылығы тұрғын үй сатып алуға жылдық 5 пайызбен несие алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаны «Отбасы банк» жүзеге асырады, деп жазады Ozgeris.info.
Шарт бойынша, ерлі-зайыптылардың некеге тұрғанына бес жылдан аспауы тиіс. Жастары маңызды емес. Несиеге пәтер немесе жер алып, үй салуға, тіпті жөндеу жұмыстарына да қаржы алуға болады. Қарыз сомасы 100 миллион теңгеге дейін. Бастапқыда пайыздық мөлшерлеме 6% болады, кейін ол 5%-ға, кей жағдайда 3,7%-ға дейін төмендейді.
Қатысу үшін алдымен арнайы «Жас отбасы» депозитін ашу керек. Бұған дейінгі салым есептелмейді. Екі тарап та шот аша алады, бірақ ипотека рәсімделерде шот біріктірілуі тиіс. Тағы бір талап кемі бір жыл бойы тұрақты түрде ақша салып отыру және үй құнының жартысын жинап қою.
Бағдарламада алдымен аралық қарыз беріледі. Үш жылдан соң ол тұрғын үй несиесіне ауысып, пайыз төмендейді. Мысалы, 25 миллион теңге тұратын үйдің 12,5 миллионын өзіңіз жинайсыз, қалғанын банк береді.