💰 Экономика

Қалтаңыз дайын ба? Үкімет бағаны еркіне жіберуге дайындалып жатыр

Қазіргі геосаяси тұрақсыздық жағдайында әлемдік нарықта күрделі факторлар көбейіп, олардың әр елдердегі бағаға ықпалы артып отыр. Қазақстан да шет елдермен сауда қатынасын жүргізетіндіктен, бұл өзгерістер біздің ішкі нарыққа әсер етпей қоймайды. Үкімет осы себептерге байланысты бағаны еркіне қоя беруге кірісті. Енді не болады? Ozgeris.info тілшісі сараптап көрді. 

Мұндай шешімнің бизнес пен кәсіпкерлікке, салық пен бюджетке тиімді жағы бар. Бірақ қарапайым халық үшін алғашқы кезеңде жайлы бола қоймайтыны анық. Өйткені жалақы айтарлықтай өскен жоқ, ал халықтың табысы азайған. Соның салдарынан 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығында жаңа несие рәсімдеу көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда екі есеге жуық төмендеген. Сарапшылардың айтуынша, үшінші тоқсанда ипотека мен кепілсіз қарыздарға қызығушылық азаяды, ал автонесие мен кепілмен берілетін қарыздар ғана қалыпты өсуді жалғастырады.

Басында бағаны кезең-кезеңмен реттеуден бас тарту туралы Президент тапсырма берген еді. Бірақ ол әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды атаулы қолдаумен қамтамасыз ету міндетін де қоса жүктеген. Соған байланысты 2024 жылғы сәуірде тиісті заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді. Енді заңның орындалуына Үкімет кірісті.

«Осы өзгерістерге сәйкес, біз әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тікелей реттеуден бас тартамыз, және атаулы әлеуметтік көмекке көшеміз. Әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті бағаларды енгізу тетігі алынып тасталады», – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев. 

Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек аясында «цифрлық азық-түлік ваучері» атты пилоттық жоба іске қосылды. Жүйе әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті дүкендегі үстеме бағасыз сатып алуға мүмкіндік береді.

Баға динамикасы: ресми статистика

Ұлттық статистика бюросының деректері мынадай:

2025 жылғы тамызда жылдық инфляция – 12,2 %, азық-түлік бағасы – 11,7 %, азық-түлік емес тауарлар – 9,7 %, ақылы қызметтер – 15,3 %.

2025 жылғы маусымда инфляция 11,8 % болды. Азық-түлік ішінде ет және ет өнімдері – 11,3 %, сүт өнімдері – 7,6 %, жеміс пен көкөніс – 20,7 %, май және тоң-май – 17,9 %.

2025 жылғы сәуірде айлық инфляция – 1,2 %, соның ішінде азық-түлік бағасы – 1,1 %.

Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өсім біршама бәсеңдеген. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында орташа өсім 8 %-ды құрады. Егер сәуірде баға өсімі 1,6 % болса, маусымда – 0,7 %, шілдеде – 0,4 %, ал тамыздың басында небәрі 0,1 %.

Аймақтық ерекшеліктер де бар. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында пияз – 98 %, қырыққабат – 72 %, картоп – 69 % қымбаттаған. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің маусымдық тапшылығын да көрсетеді.

Ет бағасы және әлемдік фактор

Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, ірі қара малдың тірідей салмақтағы көтерме бағасы келісіне 2400–3100 теңге, ал бөлшек саудада 3000–3700 теңге аралығында. Мұны ведомство субсидия тоқтауымен және энергия ресурстарының қымбаттауымен түсіндіреді.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов болса, мәселенің ауқымын әлемдік сұраныспен байланыстырады:

«Әлемде азық-түлікке, соның ішінде ет пен майға деген сұраныс артып отыр. Бұл Қазақстандық нарыққа әсер етпей қоймайды. Сондықтан бізде де ет бағасы өсті», – деді ол.

Сарапшылар не дейді?

Мамандардың пікірінше, Қазақстандағы баға өсімі жалпыәлемдік үрдістің бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар ішкі өндірістің әлсіздігіне, энергия мен логистиканың қымбаттауына да байланысты. Сондықтан алдағы уақытта қымбатшылық жалғасуы мүмкін.

Осы жағдайда халыққа ұсынылатын басты кеңес – табысты тиімді жұмсап, үнемдеуге дағдылану. Цифрлық азық-түлік ваучерлері алғашқы кезеңде аз қамтылған отбасыларға демеу болады, бірақ жалпы баға еркіндігі жағдайында тұтынушылар да, кәсіпкерлер де жаңа экономикалық ахуалға бейімделуі тиіс.

Қысқасы, Үкіметтің шешімі – бизнесті қолдау мен бюджет кірісін арттыру үшін қажет қадам. Алайда ол халықтың тұрмыс-тіршілігіне бірден оң әсер етпейді. Алдағы уақытта баға еркіндігі тұрақты нарық қалыптастыруы мүмкін, бірақ әзірге қарапайым қазақстандықтар қымбатшылыққа дайын болғаны жөн.

Барлық жаңалық