Қоғам

«Қайырымдылық па, сауда ма»: Атырауда мұқтаж балаларға жасалған қайырымдылық шыршасы дауға қалды

«Қайырымдылық па, сауда ма»: Атырауда мұқтаж балаларға жасалған қайырымдылық шыршасы дауға қалды

Әлеуметтік желілерде Атырау қаласындағы Infinity сауда орталығында ұйымдастырылған қайырымдылық жаңа жылдық «балалар шыршасына» қатысты жағдай қызу талқылануда деп жазады Оzgeris.info.

 

Талқылауға себеп акцияға қатысқан келушілердің шағымы. Олардың айтуынша, шыршадан екі баланың хатын алып, өз қаражатына сыйлық сатып алып, әдемілеп орап, балаларға табыстау үшін кассаға өткізбек болған. Алайда ұйымдастырушылар тарапынан күтпеген жерден сыйлықтарды қабылдаудан бас тартылған.

 

Кейін белгілі болғандай, акция ұйымдастырушыларының өзге бір талабы бар болып шыққан. Яғни сыйлықтар тек белгілі бір дүкеннен ғана сатып алынуы тиіс. Шағым иесінің айтуынша, бұл талап алдын ала еш жерде көрсетілмеген және қатысушыларға ескертілмеген.

 

«Сыйлықты тек өз дүкендерінен сатып алу керек деген шарт бар екен. Бірақ ол еш жерде жазылмаған. Сонда шыршаның мақсаты шынымен қайырымдылық па, әлде коммерциялық мүдде ме?» — деп наразылығын білдірді қолданушы.

 

Тек дау туындап, басшылықпен нақтылау жүргізілгеннен кейін ғана сыйлықтар қабылданған. Дегенмен, акцияға қатысушылардың айтуынша, бұл жағдай олардың көңілінде жағымсыз әсер қалдырған.

 

Желі қолданушылары да пікір білдіріп, қайырымдылық бастамалар ашық әрі түсінікті болуы тиіс екенін атап өтті. Олардың пікірінше, барлық шарттар алдын ала жарияланбаса, мұндай акциялар қоғам сенімінен айырылып, балаларға көмектесуден гөрі сауданы ынталандыру құралы ретінде қабылдануы мүмкін.

 

Барлық жаңалық