Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен заңсыз жолмен шетелге шығарылған немесе заң талаптарын айналып өтіп сатып алынған қаражат пен мүлік мемлекет меншігіне қайтарылып, әлеуметтік және инфрақұрылымдық міндеттерді шешуге бағытталуда, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Бұл — Жаңа Қазақстандағы әділет қағидатының іс жүзіндегі көрінісі. Премьер-министр Олжас Бектеновтің басшылығымен Үкімет қайтарылған қаражатты пайдаланудың тетіктерін күшейтіп, халықтың өмір сүру сапасын жүйелі түрде арттыруға және базалық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге басымдық беріп келеді, дейді сарапшылар.
«Заңсыз иемденілген активтерді қайтару бүгінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның Үкіметінің Әділетті Қазақстан құру жолындағы бағытының ең айқын көріністерінің біріне айналып отыр. Құқықтық рәсімдер мен ауқымды көрсеткіштердің артында әлдеқайда маңызды саяси мән бар: мемлекет қоғамға тиесілі болуы тиіс ресурсты елдің дамуына бағыттап отыр. Осылайша әділеттілікке, жауапкершілікке және баршаға ортақ тең ережелерге негізделген жаңа қоғамдық келісім жүзеге асуда.
Әлемдік тәжірибе мұндай міндеттің қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Қазақстан бұл жұмысты арнайы заң, активтерді қайтарудың уәкілетті тетігі, Арнаулы мемлекеттік қор және қайтарылған қаражатты ел аумағындағы нақты әлеуметтік нысандар мен жобаларға бағыттаудың ауқымды бағдарламасын қамтитын бірыңғай әрі тұрақты мемлекеттік жүйеге біріктірді. Заңның өзінде бұл жұмыс халықтың құқықтарын қалпына келтіру, әлеуметтік әділеттілік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етумен байланыстырылады», — деді саясаттанушы, Қазақстан Халықтық дипломатия орталығының вице-президенті Виталий Колточник.
Нақты нәтиже цифрлардан да көрінеді. Елге қазірдің өзінде 1,1 трлн теңгеден астам қаражат қайтарылды. Оның 617 млрд теңгеден астамы республика бойынша 500 нысанды іске қосуға бағытталған.
Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен елімізде сумен жабдықтау жүйелері, мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, спорт нысандары мен көлік инфрақұрылымы салынып, жаңғыртылуда. Яғни қаражат азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететін ірі инфрақұрылымдық жобаларға жұмсалуда. Бұл — бюджет қаржысының тапшылығына байланысты жылдар бойы жүзеге аспай келген бастамаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Еуразиялық саясат институтының директоры Максим Крамаренко атқарылып жатқан жұмыстың жүйелі әрі нәтижелі екенін атап өтті.
«Бұл бір реттік пиар науқаны емес, қалыптасқан нақты тетік екенін түсіну маңызды. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, активтерді елге қайтарумен ғана шектелмейді. Оның әсері күнделікті өмірден көрінеді: таза су ағатын краннан, жақын маңдағы медициналық пунктте жұмыс істейтін дәрігерден, жаңа мектептегі орыннан, ауладағы спортзалдан немесе бұрын болмаған жаңа автобус бағытынан байқалады.
Қаражаттың қай бағытқа жұмсалып жатқаны да маңызды. Қаржы сән-салтанатты елордадағы құрылыстарға емес, өңірлерге — Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстарына және Абай облысына бағытталып жатқанын көріп отырмыз. Шын мәнінде, қайтарылған активтер есебінен Үкімет өңірлердегі өмір сүру деңгейін көтеріп, аймақтар арасындағы өмір сапасы айырмашылығын азайтып келеді», — деді Максим Крамаренко.
Арнаулы мемлекеттік қордан ең көп қаражат — 226,5 млрд теңге — сумен жабдықтау жүйесін дамытуға бағытталды. Бұл қаржы 267 жобаны жүзеге асыруға жұмсалуда. Солтүстік Қазақстан облысының 30-дан астам ауылындағы тұрғындар мен Абай облысының ауылдарында тұратын шамамен 20 мың адам ауыз суға қол жеткізді. Ақмола өңіріндегі ондаған ауыл да орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылды. Ал Алматының бес шағын ауданында қор қаражаты есебінен су құбыры мен кәріз жүйелерінің тарату желілері салынды.
Қайтарылған активтердің 176,8 млрд теңгесі денсаулық сақтау саласын жаңғыртуға бөлінді. Үкімет 190-нан астам жобаны мақұлдады. Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 200 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы аяқталды. Ақтауда жедел медициналық жәрдем станциясы және 145 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны іске қосылды.
Қостанай облысында ауылдық дәрігерлік амбулатория мен емхана пайдалануға беріліп, Арқалықтағы өңірлік аурухананы реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Елдің шығысында Гематология орталығы салынуда. Балқаш қаласының медициналық инфрақұрылымын дамытуға 1 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды.
Атқарылып жатқан жұмыс пациенттер үшін ғана емес, жас мамандар үшін де жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруда. Тек өткен жылы медициналық жоғары оқу орындарын тәмамдаған 10,5 мың түлектің 3,5 мыңы ауылдық жерлерге жұмысқа орналасты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп.
Спорт инфрақұрылымын дамытуға қордан 67,5 млрд теңге бөлінді. Осы қаражатқа Көкшетау қаласында көпфункционалды спорт кешені салынды, Зеренді ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион қайта жаңғыртылып, елорданың «Қазақстан» спорт сарайын жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Қайтарылған активтердің тағы 64,4 млрд теңгесі білім беру саласына бағытталды. Абай, Ұлытау, Жамбыл, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында жаңа білім беру нысандары пайда болды. Шымкентте арнайы мектеп-интернатқа арналған 300 орындық жатақхана пайдалануға берілді.
Көлік инфрақұрылымын дамытуға тағы 43 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты арнайы экономикалық аймақтардағы жаңа өндірістерді іске қосу жоспарланған алаңдарды энергетикалық және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге жұмсалуда.
Бүгінде заңсыз активтерді қайтаруды ресурстарды қоғамдық даму мүддесіне қайта бөлудің тиімді тетігі ретінде қарастыруға болады. Инфрақұрылымдық жобалардың ұзақ мерзімді әсері бар. Салынған мектеп ондаған жыл бойы қызмет етеді, аурухана бірнеше буын қазақстандыққа медициналық көмек көрсетеді, ал коммуналдық инфрақұрылым тұтас елді мекендердің дамуына қажетті базалық жағдай қалыптастырады.
Осылайша қаржылық нәтиже біртіндеп әлеуметтік нәтижеге айналып келеді.