Алматылық «Қайрат» футбол клубының қақпашысы Темірлан Анарбеков жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленіп, ерекше сыйлыққа ие болды. Zigi-zagi компаниясы “İnstagram” парақшасында қақпашыға заманауи автокөліктің кілтін табыстағанын жариялаған болатын деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Компания басшысы көліктің халықтың атынан беріліп жатқанын атап өтіп, футболшының анасына да бір құшақ гүл сыйлады.
«Барша қазақ халқына қолдауларыңыз үшін алғыс айтамын. Бұл жеңіс тек менің емес, бүкіл команда еңбегінің нәтижесі деп білемін. Жанкүйерлер қолдау көрсеткен сайын біз де барымызды саламыз», – деді Темірлан Анарбеков.
Соңғы айларда жас қақпашы бірнеше маңызды ойында сенімді ойын көрсетіп, «Қайраттың» басты қаһарманы атанды. Әсіресе Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде шотландиялық «Селтикпен» болған кездесуде Анарбековтің ерлігі ерекше есте қалды. Ол пенальти сериясында қарсыластың үш бірдей соққысын қайтарып, «Қайратты» топтық кезеңге шығарды.
Бұл жетістік үшін клуб бас бапкері Рафаэль Уразбахтин мен қақпашы Темірлан Анарбековті “Astana Motors” компаниясының негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов арнайы құттықтаған болатын. Кәсіпкер қос спортшының еңбегін атап өтіп, бапкерге Hyundai Palisade автокөлігінің кілтін, ал Анарбековке Apple MacBook сыйға тартты.
Айта кетейік, шешуші пенальти кезінде қақпашы Адам Айда, Маккован және Маэданың соққыларын қайтарып, жанкүйерлерді қуанышқа бөледі.