Латвиялық Sportacentrs.com спорт порталы УЕФА Конференциялар лигасының негізгі кезеңі аясында өтетін «Рига» мен алматылық «Қайрат» арасындағы кездесуге болжам жасады. Басылым пікірінше, алдағы матчта латвиялық клуб фаворит саналады. Сонымен қатар «Риганың» турнирдің плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндігі жоғары деп бағаланып отыр, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Латвиялық команда үшін еурокубоктардың негізгі кезеңіне шығу бірнеше жылдан бері алға қойған маңызды мақсаттардың бірі болған. 2016 жылы Латвияның жоғары дивизионына көтерілгеннен кейін клуб бұл межеге бірнеше рет жақындағанымен, іріктеу кезеңдерінен өте алмай келген. Биыл «Рига» ақыры өз мақсатына жетіп, еурокубоктың негізгі кезеңінде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Sportacentrs.com басылымының жазуынша, «Қайратпен» өтетін кездесу латвиялық клуб үшін маңызды сынақ болмақ. Дегенмен турнирдің қалған қатысушыларына назар аударған сарапшылар «Риганың» плей-оффқа шығу мүмкіндігін шынайы мақсат ретінде қарастырады. Латвиялықтардың қарсыластары қатарында Италияның «Аталанта», Чехияның «Яблонец», Босния және Герцеговинаның «Борац», Кипрдің «Пафос» және Литваның «Кауно Жальгирис» командалары бар.
Ал Қазақстан жастар құрамасының бұрынғы шабуылшысы Айдар Арғымбаев «Қайраттың» Латвияда оң нәтижеге қол жеткізуіне сенім білдірді.
«Шынымды айтсам, ертең “Қайрат” “Риганы” жеңуі керек. Өйткені алдағы уақытта алматылық клубты бұдан да мықты әрі деңгейі жоғары қарсыластар күтіп тұр. “Қайраттың” негізгі кезеңдегі барлық қарсыластарының ішінде “Рига” – ең жас әрі тәжірибесі аз команда. Қазақстан чемпионы Латвияда оң нәтижеге қол жеткізеді деп үміттенемін», – деді маман Sports.kz сайтына берген сұхбатында.
Спорт сарапшысы Тұрар Ғадбрашитұлы «Қайраттың» қазіргі жағдайына баға беріп, алматылық клубтың «Риганы» жеңуге мүмкіндігі жеткілікті екенін айтты. Сарапшы команданың қарқыны жаман емес екенін, ойыншылардың да шаршаңқы көрінбейтінін атап өтті.
«Қайраттың» бұл матчта жеңіске жетуге қауқары жетеді деп ойлаймын. Тіпті жалпы кезеңде жақсы өнер көрсетіп, плей-оффқа шығуға да мүмкіндігі бар. Бәрі ойыншылардың дайындығына және бас бапкердің оларға қаншалықты дұрыс мотивация бере алатынына байланысты. Егер Уразбахтин футболшыларды жеңіске жігерлендіріп, команданың әлеуетін толық аша алса, “Қайраттың” алар асуы әлі көп. Жалпы, команда былтырғы деңгейінде болмаса да, айтары бар. Сондықтан алматылықтардан жақсы нәтиже күтуге болады», – деді Тұрар Ғадбрашитұлы.
Командалардың қазіргі жағдайы қандай?
«Рига» соңғы жеті матчта жеңіліс көрмей, бес рет жеңіске жетіп, екі кездесуді тең аяқтады. Латвия чемпионатының 32-турында команда сырт алаңда «Тукумс 2000» клубын 2:0 есебімен жеңді. Қазіргі уақытта ригалықтар ұлттық біріншілікте 76 ұпаймен екінші орында тұр. Алдағы кездесуде командаға қызыл қағаз алғаны үшін дисквалификацияға ұшыраған Андрес Салазар көмектесе алмайды.
«Қайрат» та ішкі чемпионаттағы соңғы ойынында жеңіске жетті. Алматылықтар 28-турда «Жетісуды» 1:0 есебімен ұтып, Қазақстан чемпионатында 60 ұпаймен екінші орынға жайғасқан. Соңғы бес кездесуде команда үш рет жеңіп, екі рет жеңіліс тапты. Қазіргі мәлімет бойынша, қазақстандық клуб сапында алдағы матчқа қатыса алмайтын жарақат алған немесе дисквалификацияланған футболшылар жоқ.
Еурокубок жолын Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінен бастаған «Қайрат» кейін Еуропа лигасының іріктеуінде өнер көрсетіп, «Андерлехттен» екі матч қорытындысы бойынша 0:6 есебімен жеңілді. Осылайша алматылықтар Конференциялар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.
«Рига» мен «Қайрат» арасындағы кездесу Латвияда өтеді. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 21:45-те басталады. Латвиялық басылым қарсыласын фаворит санаса да, Айдар Арғымбаевтың пікірінше, «Қайрат» үшін бұл матч негізгі кезеңдегі маңызды ұпайларды еншілеуге жақсы мүмкіндік болмақ. Ендігі мәселе – алматылық клубтың алаңдағы ойыны мен осы мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдалана алатынында.