Ресей президенті Владимир Путин Рождество мерекесі мен алдағы 2026 жылдың қарсаңында бірқатар елдердің мемлекет және үкімет басшыларына құттықтау жеделхаттарын жіберді деп хабарлайды Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтемемен.
Құттықтау алғандар қатарында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мен Орталық Азия елдерінің басшылары бар. Атап айтқанда, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сондай-ақ Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттеріне жылы лебіз жолданған. Сонымен бірге Абхазия мен Оңтүстік Осетия басшылары да құттықтау тізіміне енген.
Бұдан бөлек, Ресей басшысы алыс шетел мемлекеттерінің жетекшілеріне де жаңа жылдық және рождестволық құттықтауларын жолдады. Олардың арасында Қытай төрағасы Си Цзиньпин, АҚШ президенті Дональд Трамп, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан, Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силва бар. Сондай-ақ Үндістан, Индонезия, Вьетнам, Венесуэла, Куба, Моңғолия, Лаос, Мьянма, Сербия, Словакия, Эфиопия және Оңтүстік Африка Республикасының басшыларына құттықтау жіберілген.
Кремль мәліметінше, құттықтау жеделхаттары бұрынғы мемлекет және үкімет басшыларына да жолданған. Олардың қатарында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Кубаның экс-көшбасшысы Рауль Кастро, Арменияның бұрынғы президенттері Роберт Кочарян мен Серж Саргсян, сондай-ақ Германияның экс-канцлері Герхард Шрёдер бар.