🤖 Digital

Путин: Жасанды интеллект миллиондаған адамның жұмысын өзгертуі мүмкін

Путин: Жасанды интеллект миллиондаған адамның жұмысын өзгертуі мүмкін

Астанада өткен V Еуразиялық экономикалық форумда Ресей Президенті Владимир Путин жасанды интеллектінің еңбек нарығына және әлемдік экономикаға ықпалы туралы айтты. Оның сөзінше, алдағы жылдары көптеген салада адам еңбегінің орнын «компьютерлік сана» алмастыра бастайды, деп жазады Ozgeris.info.

«Алдағы уақытта еңбек нарығын қайта құруға тура келуі әбден мүмкін. Миллиондаған адам мамандығын өзгертуге мәжбүр болады. Жасанды интеллект қазірдің өзінде төменгі шендегі қызметкерлердің орнын баса бастады. Көп ұзамай орта буындағы мамандарды да алмастыруы мүмкін. Мұндай өзгерістерден қашып құтыла алмаймыз», деді Владимир Путин.

Ресей Президентінің айтуынша, құжат дайындау, ақпаратты талдау және көптеген әкімшілік процесс қазірдің өзінде автоматтандырылып жатыр. Сондықтан мемлекеттер бұл өзгерістерге алдын ала дайындалуы керек.

«Жаңа технологияларды экономиканы дамыту құралы ретінде пайдалану қажет. Жасанды интеллектіні дамыту тек технологиялық жарыс емес, экономикалық бәсекеге қабілеттілік пен мемлекеттік тиімділікті арттырудың маңызды факторына айналып келеді. Сондықтан Еуразиялық экономикалық одақ елдері бұл үдеріске бейімделіп қана қоймай, оны өз экономикасының өсім нүктесіне айналдыруы керек», деді Ресей Президенті.

Сонымен қатар Владимир Путин 2027 жылы Ресейде жасанды интеллект мәселесіне арналған жоғары деңгейдегі халықаралық кездесу өткізуді ұсынды. Оның айтуынша, алдағы кезеңде мемлекеттер арасында ортақ цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру мәселесі ерекше маңызға ие болады.

Барлық жаңалық