Жаңалықтар

Президент Тоқаев Токиода өткен «Орталық Азия – Жапония» саммитіне қатысты

Президент Тоқаев Токиода өткен «Орталық Азия – Жапония» саммитіне қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының алғашқы саммитінде сөз сөйлеп, бұл форумның Қазақстан мен бүкіл Орталық Азия өңірі үшін маңызын атап өтті деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

Мемлекет басшысы саммиттің әлемдік деңгейдегі ірі мегаполис Токиода өтуі айрықша мәнге ие екенін айтты. Оның сөзінше, бұл алаң Орталық Азия елдерінің халықаралық аренадағы рөлінің күшейіп келе жатқанын айқын көрсетеді.

 

Президент атап өткендей, «Орталық Азия – Жапония» диалогының бастамашысы Жапонияның бұрынғы Сыртқы істер министрі Эрико Кавагучи. Аталған диалог аясындағы алғашқы сыртқы істер министрлерінің кездесуі 2004 жылы Астанада өткен. Бұл бастама кейіннен Орталық Азия елдерінің басқа да ірі мемлекеттермен өзара ынтымақтастық платформаларын құруына үлгі болды.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев саммитті шақыру бастамасы үшін және қонақжай қабылдау көрсеткені үшін Жапонияның Премьер-министрі Санаэ Такаичиге алғыс білдірді.Мемлекет басшысы мұндай жоғары деңгейдегі кездесулер Орталық Азияның халықаралық субъектілігінің артып келе жатқанын және өңірдің жаһандық үдерістердегі маңызды рөлін дәлелдейтінін айтты.

 

Сондай-ақ Президент қазақ халқының жапон халқының тарихы мен мәдениетіне ерекше құрметпен қарайтынын атап өтті.

 

«Жапон философиясы келісім, сабырлылық пен даналық сияқты құндылықтарға негізделген. Бұл қасиеттер қазақ халқының дүниетанымына да жақын. VII ғасырда ханзада Сётоку үйлесімділікті ең жоғары құндылық деп атап, бірлік пен ынтымақтастыққа үндеген болатын. Қазіргі таңда Жапония “Рэйва” – “Көркем үйлесім” дәуіріне қадам басты», – деді Президент.

 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Жапония мен Орталық Азия елдері арасындағы байланыстардың тарихи тамыры тереңде жатқанын, халықтарды бір кездері Ұлы Жібек жолы біріктіргенін еске салды.

 

Президенттің айтуынша, бүгінгі саммит екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ өзара сенім мен серіктестікті одан әрі нығайтуға серпін береді.

Барлық жаңалық