Қазақстанда вице-президент лауазымы мен Халық Кеңесінің (Халық Құрылтайының) өкілеттіктері айқындалды деп хабарлайды Оzgeris.info.
Бұл туралы Президенттің көмекшісі Ержан Жиенбаев мәлімдеді.Оның айтуынша, вице-президентті Президент тағайындайды, алайда бұл шешім Құрылтайдың келісімімен жүзеге асады. Сондай-ақ вице-президентті қызметінен босату құқығы да Мемлекет басшысына тиесілі.
Вице-президенттің негізгі өкілеттіктеріне Қазақстан атынан шетелдерде өкілдік ету, Президенттің атынан Құрылтаймен, Үкіметпен, мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кіреді. Осы өзгерістерге байланысты мемлекеттік кеңесші институты Конституциядан алынып тасталады.
Сонымен қатар вице-президентке бірқатар шектеулер қойылады. Атап айтқанда, ол депутат бола алмайды, басқа ақылы қызметпен айналысуына, кәсіпкерлік жүргізуіне және саяси партия мүшесі болуына тыйым салынады.
Ал Халық Кеңесі Конституцияда халықтың мүддесін білдіретін ең жоғары консультативтік орган ретінде бекітіледі. Кеңес құрамын Президент қалыптастырады. Оның негізгі қызмет бағыттары – ішкі саясат бойынша ұсыныстар беру, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, сондай-ақ ұлттық құндылықтарды ілгерілету.
Маңызды жаңалықтардың бірі – Халық Кеңесіне заңнамалық бастама құқығы беріледі. Кеңестің ұйымдастырылу тәртібі мен өкілеттіктері жеке конституциялық заңмен айқындалады. Алайда Халық Кеңесі тұрақты жұмыс істейтін орган болмайды.
Билік өкілдерінің айтуынша, бұл өзгерістер мемлекет басқару жүйесін жетілдіруге және халықтың саяси үдерістерге қатысуын кеңейтуге бағытталған.