Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық дамудың сапасын арттыру және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өткізді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтемемен.Жиында макроэкономикалық тұрақтылықты күшейту, азаматтардың әл-ауқатын көтеру және инфляция деңгейін төмендету жөніндегі шаралар қаралды.
Президент өз сөзінде экономиканың дамуын тек сандық көрсеткіштермен емес, нақты сапалық өзгерістермен бағалау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, экономикалық өсім халық табысының артуына тікелей әсер етуі тиіс.
«Біздің мақсат – жай ғана өсімге қол жеткізу емес, халықтың тұрмыс сапасын арттыратын сапалы дамуға көшу. Тұрақты экономикалық өрлеу мемлекеттік органдардың бірлескен, жүйелі жұмысына байланысты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кеңеске Премьер-Министр, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Ұлттық банк төрағасы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жетекшілері, сондай-ақ Үкімет мүшелері қатысты.


Мемлекет басшысы инфляцияны төмендету және азаматтардың табысын арттыру бағытындағы шараларды күшейтуді тапсырды.
Еске сала кетсек, биыл 8 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған жолдауында Президент Тоқаев инфляция мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Ол бағаның өсуі халық табысының артуын «жеп қоятынын» атап өтті.
«Инфляция – бүгінде көптеген мемлекеттердің ортақ проблемасы. Бірақ біздің жағдайда ол ерекше өткір сипат алып отыр. Бұл тығырықтан шығу үшін батыл әрі жауапкершілікті шешімдер қабылдау қажет. Үкімет пен Ұлттық банк бір команда ретінде жұмыс істеуі тиіс. Қазір – өзара кінә артатын емес, нақты нәтиже көрсететін уақыт», – деді Мемлекет басшысы.