Жаңалықтар

Полициядан қашқан нашақор дүкеннің тас-талқанын шығарды

Полициядан қашқан нашақор дүкеннің тас-талқанын шығарды

Тәртіп сақшыларынан қашып құтылмақ болған күдікті азық-түлік дүкенінің астаң-кестеңін шығарды. Оқиға Петропавл қаласында болған. Полиция қызметкерлері есірткі таратты деген күдікпен жиырма бес жастағы жігіт пен он сегіз жастағы бойжеткенді қылмыс үстінде ұстауға барған. Сол сәтте олар ізін суытпақ болады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Жігіт жақын маңдағы гастрономға баса-көктеп кіріп барады. Соңынан қуған сақшыларға кедергі келтіру мақсатында сөрелерді аударып тастайды. Витриналарды шағып тауарларды жан-жаққа шашады. Ол қолындағы ұнтақ тәрізді заты бар орамды лақтырып айғақтан құтылуға тырысқан. Алайда оның сатып алушылар арасына сіңіп кету жоспары сәтсіз аяқталды. Жедел уәкілдер оны дүкен ішінде құрықтады.

Ұсталған азамат сол кезде есірткіге еліткен мас күйде болған. Жанындағы серігі Психикалық денсаулық орталығында арнайы есепте тұратыны анықталды. Тексеру кезінде олардан жалпы салмағы жүз алпыс грамм болатын он бір орам табылды. Тәркіленген заттың "спайс" екені расталды.

Енді бұл екеуі заң алдында қатаң жауап береді. Оларға заңсыз есірткі айналымы үшін ғана емес полиция талабына бағынбағаны және дүкен мүлкін қиратқаны үшін де айып тағылып отыр.

Барлық жаңалық