Қоғамды дүр сілкіндірген аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің қазасына қатысты тергеу амалдары қазір қызу жүріп жатыр. Осыдан екі жыл бұрын ғана бұл шаңырақ көпшілікке үлгілі полиция әулеті ретінде танылған еді. Ерлі-зайыпты Аслан мен Арайлым жеті перзентімен бірге "Қайырлы таң, Қазақстан" бағдарламасына қонақ болған. Онда олар өздерінің тату тірлігі мен қызметтегі белестері жайлы сыр шерткен, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Екі жастың тағдыры жұмыс барысында тоғысқан. Отағасы еңбек жолын 2008 жылы Алматы қаласының патрульдік полициясында бастайды. Болашақ жарымен дәл осы қызметте танысып табысады. Әріптестік сыйластық уақыт өте келе үлкен махаббатқа ұласады. Арайлым өмірлік серігін таңдау сырымен де бөліскен. Жұрт оған бойы ұзын әрі сымбатты жігітті тапқанын жиі айтатын көрінеді. Бірақ келіншек үшін ер адамның сабырлы, салмақты және батыл мінезі бірінші орында тұрған.
Бұл шаңырақ құқық қорғау саласында ғана емес спортта да үлкен абыройға ие. Аслан грек-рим күресімен шұғылданған. Ал жұбайы джиу-джитсудан Қазақстанның алты дүркін чемпионы атанған мықты спортшы. Ұл-қыздары да ата-анасы салған сара жолмен жүріп келеді. Олар дзюдо, самбо және джиу-джитсу сияқты спорт түрлерінен халықаралық жарыстарда топ жарып жүр. Қыздары спортпен қатар шығармашылыққа да жақын өнерлі жастар.
Отбасының үлкен қызы Еркежан Қалиақпарова ата-анасының мінезі жайлы да пікір білдірген. Ол әкесінің өте талапшыл және тәртіпті жақсы көретін адам екенін жеткізген. Ал анасын үнемі мейірім төгіп тұратын қамқор жан ретінде суреттеген.