Пойызбен сапарға шыққанда бәріміз жайлы әрі қауіпсіз жетуді қалаймыз. Бірақ ол тек жолсерікке немесе компанияға ғана байланысты емес. «Жолаушылар тасымалы» АҚ теміржолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтау – әр жолаушының міндеті екенін ескертті. Вагон ішіндегі тәртіп пен тыныштық – бәрімізге ортақ жауапкершілік, деп жазады Ozgeris.info.
Нені ескеру керек?
«Жолаушылар тасымалы» ең бірінші талап – билет дейді. Айтуынша, жарамды жол жүру құжаты болмаса, пойызға мінуге болмайды. Тексеру кезінде билетсіз отырған жолаушы келесі стансада түсірілуі мүмкін. Сол сияқты балаларды да құжатсыз алып жүруге рұқсат жоқ. Баланың жеке басын куәландыратын немесе ата анамен туыстығын растайтын құжат көрсетілуі тиіс. Құжат болмаса, баланы пойызға отырғызбайды.
Жүк мәселесіне де нақты шектеу бар. Бір адамға 35 кг жүкке дейін тегін рұқсат етіледі. Одан артық болса, алдын ала төлем жасалып, тиісті құжат рәсімделуі керек. Ал ветеринариялық құжаттары жоқ жануарларды пойызбен тасымалдауға мүлде болмайды.
Пойыз ішінде темекі де, электронды темекі де шегуге тыйым салынған. Төтенше жағдай болмаса, стоп кранды басуға болмайды. Мұндай әрекет қозғалыс кестесін бұзады және әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Есірткі, жарылғыш, өткір заттарды алып жүруге қатаң тыйым салынады. Егер заңға қайшы зат анықталса, жолаушы құқық қорғау органдарына тапсырылады.

Вагон ішінде жанжал шығару, агрессия таныту, басқа жолаушыларды қорлау да тәртіп бұзушылық болып саналады. Мұндай жағдайда адам жақын стансада түсірілуі мүмкін. Пойыз жүріп келе жатқанда вагоннан түсу – өмірге аса қауіпті. Түсу тек станцияда және арнайы есіктер арқылы жүзеге асады. Вагон мүлкін бүлдіру, ішін ластау, вандализм жасау да жауапкершілікке әкеледі.
Алкогольдік ішімдіктерді қарапайым вагондарда ішуге болмайды. Бұл талап мейрамхана вагонға қатысты емес, онда ішімдік белгіленген тәртіппен ұсынылады. Тыйымды бұзған жолаушы әкімшілік жазаға тартылып, пойыздан түсірілуі мүмкін.
Қызмет көрсету сапасына қатысты сұрақ туындаса, жолаушылар WhatsApp арқылы +7 776 714 5686 нөміріне жаза алады. Вагон ішіндегі QR кодты сканерлеуге немесе 1433 тегін анықтама қызметіне хабарласуға мүмкіндік бар.
Бұл талаптардың барлығы «Теміржол көлігімен жолаушылар, багаж және жүк багажды тасымалдау қағидаларына» сәйкес бекітілген. Компания жолаушыларды тәртіп сақтауға шақырады. Қауіпсіз сапар – әр адамның мәдениеті мен жауапкершілігінен басталады.

Пойызда денсаулығыңыз сыр берсе, не істеу керек?
Ұзақ жолда бәрі бірдей өзін жақсы сезіне бермейді. Кейде аяқ астынан бас айналып, қан қысымы көтеріліп немесе басқа да жайсыздық пайда болуы мүмкін. Осындай кезде абдырап қалмай, дұрыс әрекет ету маңызды. «Жолаушылар тасымалы» компаниясы пойыз ішінде көмек қалай көрсетілетінін тағы бір мәрте еске салды.
Компанияның айтуынша, барлық жолаушылар пойыздарының жолсеріктері алғашқы медициналық көмек көрсетуге арнайы оқытылған. Әр пойыз құрамында медициналық қобдиша бар. Сондықтан денсаулыққа қатысты күтпеген жағдай болса, ең алдымен жолсерікке жүгіну керек.

Егер жолаушы өзін жайсыз сезінсе, уақыт жоғалтпай вагон жолсерігіне хабарлауы тиіс. Жолсерік жағдайды бағалап, өз құзыреті шеңберінде алғашқы көмекті көрсетеді. Егер жағдай күрделірек болса, ол бірден пойыз бастығына мәлімдейді. Пойыз бастығы медициналық қызметтермен байланысып, ары қарай қандай шара қолдану керегін шешеді.
Шұғыл жағдай туындаса, жедел жәрдем шақырылады. Қажет болғанда пойызды жақын стансада дәрігерлер қарсы алады. Тіпті белгіленген тәртіпке сай жоспардан тыс тоқтау жасалуы мүмкін. Мұндай шешім тек бір мақсатта қабылданады, жолаушының өмірі мен денсаулығын сақтау.
Ұлттық тасымалдаушы созылмалы ауруы бар адамдарға сапарға шыққанда жеке дәрі дәрмектерін өзімен бірге алып жүруді ұсынады. Сонымен қатар ықтимал қауіптер туралы жолсерікті алдын ала ескерткен дұрыс. Бұл күтпеген жағдай туындаса, көмек көрсетуді жеделдетеді.
Айта кетерлігі, пойыздардағы төтенше жағдайлар тек денсаулықтың нашарлауымен шектелмейді. Пойыз бригадалары түрлі жағдаймен бетпе бет келеді. Соның ішінде жол үстінде босану деректері де болған. Соңғы 3 жыл ішінде ұлттық тасымалдаушы пойыздарында жолсеріктер мен пойыз бастықтарының көмегімен шамамен 15 сәби дүниеге келген.
Компания жолаушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығы әрдайым басты назарда екенін айтады. Сондықтан жолда өзіңізді жайсыз сезінсеңіз – үндемей отырмаңыз. Көмек сұрау – әлсіздік емес, қауіпсіздік.