Қоғам

"Періште күйінде кетті құлыным": Асанәлі Әшімовтің ұлын жоқтаған жазбасы тарады

"Періште күйінде кетті құлыным": Асанәлі Әшімовтің ұлын жоқтаған жазбасы тарады

Әсет Ақмолда есімді желі қолданушысы марқұм актер Асанәлі Әшімовтің баласы Сағи Әшімов туралы жазған естелігін бөлісті, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Айта кетейік, кеше кенеттен қайтыс болған Сағи Әшімовтің туған күні болған еді. 

"АСАНӘЛІ ӘШІМОВТІҢ КҮНДЕЛІГІНЕН:

22.09.99
Сағи Германиядан телефонда: «Операцияға бара жатырмын, қорқам», – деп көңіл күйімді төмендетті.

***

27.09.99
Күз. Көңіл күйім де күзгі күндей. Майра мен сүйікті Мәдиімді қара жер алып кетті. Екеуі де өкінішті өлім. Жүректегі жарақат жазылмастай боп орналасты.

***

18.10.99
Сағиым үйге келіп, апаммен шешіліп әңгімелесіп отырған үстіне келдім. Таңданып: «Мұндай уақытта келе бермеуші едің», – дедім.
«Аға! Үйге қонғалы келдім», – деді.
Ваннаға түсіп, әбден тазаланып, бөлек бөлмеге төсек салып жатып қалды. Содан тұрмай қалды ғой құлыным… Мен үшін әлі де жұмбақ?!

***

2.11.99
Мәди, Сағи, Майра үшеуі туралы естелік бастадым, ағытылып барам, қолым сырғып отыр.

***

5.11.99
Ауруханадамын. Таңғы 8.30-да Сағидың «Ағау» деген даусынан ояндым. Сөйтсем, УЗИ-ге баратын уақытым екен.

***

05.01.2000
Мәдиге бүгін бір жыл.
Майра, Мәди, Сағилардың басына барып құран оқып, гүл қойып қайттық. Катерина Ивановна, Мәдидің үй-іші.
Офиске үстел даярладым. Шота келіп, өмірі жасамаған мінез көрсетіп, 2000 теңге шығарып Игорьға берді. Түсте офиске Қасейінов, Смайылов, Кенжебаев т.б. келді. Мәдиді еске алдық.

***

30.03.2000
Майра түсіме жиі кіреді. Енді мені алып кетейін деп жүр ме?! Кім білсін?! Рухы күшті екен, екі баласын бір жылда алып алды.

***

18.07.2000
Құлыным Сағидың туған күні. «Сағи» кафесінде болдым. Сағидың 39 жылдығын өткіздік. «Аға, бүгін менің туған күнім ғой» деп маған ескерту жасағанда, «Мен кейде өз туған күнімді де ұмытам» дейтін едім. Бала сияқты сыйлық күтіп тұратын еді, жарығым. Қалтасындағыны аямай шашып жүретін, 100% ақкөңіл еді, періште күйінде кетті. Көрген түстей жарқ етті де жоқ болды…

***

04.11.2000
Сағи түсіме жиі кіреді. Бүгін «Аға, есть новости» деп күліп тұр.

***

30.03.2001
Сағинаға қырық күн.
Майра, Мәдидің, Сағидың басына барып, құран оқып қайттым. Алтындарым қозғалар емес...

P.S. ФОТОДА: САҒИ ӘШІМОВТІҢ ГЕРМАНИЯДА ЕМ АЛЫП ЖҮРГЕН СӘТІ. 1999 ЖЫЛ", - деп жазба қалдырды Әсет Ақмолда. 

Аталмыш естелік желіде кеңінен тарап, оқырмандар арасында қызу талқыға түсті. 

Барлық жаңалық