Павлодарда 13 жастағы оқушыны өз үйінде зорлаған студент кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Бұл оқиға 2024 жылдың басында болған, сол кезде айыпталушы небәрі 16 жастағы студент еді. Ол жәбірленушімен алғаш рет оның үйінде танысып, кейін әлеуметтік желі арқылы байланысын үзбеген. Шамамен бір айдан соң оқушының үйіне қайта келіп, қыздың қарсыласқанына қарамастан зорлық көрсеткен.
Тергеу мәліметіне сүйенсек, бірнеше күннен кейін ол осы әрекетін тағы қайталаған. Судьялар іс материалдарын Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жабық режимде қарады.
«Айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігінде көзделген құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сондай-ақ оған 2 жыл мерзімге педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметпен айналысуға тыйым салынсын», - деді судья Нұрлан Айтбаев.
Осы оқиғаға қатысты бұған дейін студенттің досы да кінәлі деп танылып, 10 жылға түрмеге жабылған болатын. Қазіргі уақытта олардың тағы бір танысына қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Ал сотталған жасөспірімнің туыстары істе кінәні дәлелдейтін нақты айғақтар мен сараптама қорытындылары жоқ деп санайды.