Павлодар облысы

Павлодар облысында екі жүргізуші көктайғақ салдарынан қаза тапты

Павлодар облысында екі жүргізуші көктайғақ салдарынан қаза тапты

Павлодар облысында «Павлодар – Омбы» республикалық маңызы бар автожолында орын алған ауыр жол-көлік оқиғасына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы апат салдарынан екі жүргізуші қаза тауып, бір жолаушы ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Оzgeris.info.

 

Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 27 желтоқсан күні Бобровка ауылының маңында болған. Алдын ала деректерге сәйкес, Toyota Vitz маркалы автокөлікті басқарған жүргізуші көктайғақ кезінде рөлге ие бола алмай, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кеткен. Нәтижесінде көлік Hyundai Accent автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.

 

Апат салдарынан екі автокөліктің де жүргізушілері оқиға орнында және ауруханада көз жұмды. Ал бір жолаушы жедел жәрдем бригадасының көмегімен Павлодар облыстық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.

 

Полицияның хабарлауынша, қазір көліктер арнайы айып тұрағына қойылған. Апаттың нақты себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.

 

Осыған байланысты облыстық полиция департаменті жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, жылдамдықты асырмауға, әсіресе көктайғақ кезінде аса сақ болуға шақырды. Сондай-ақ көліктің техникалық жағдайын бақылап, ауа райының өзгерісін ескеру қажеттігі ескертілді.

Барлық жаңалық