Павлодар облысының Екібастұз қаласында тұрмыстық жанжал адам өлімімен аяқталды. Қанды оқиға 2026 жылғы 9 қаңтарда болғанын облыстық полиция департаменті растады деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Politico.kz сайтына сілтемемен.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқиға Энергетиктер көшесіндегі 40-үйде орын алған. Әйел адам күйеуін көршісімен бірге болған сәтінде ұстап алып, соның салдарынан жанжал шыққан. Қақтығыс барысында әйел жұбайына пышақ жарақатын салып, ер адам оқиға орнында көз жұмған.
Оқиғаның одан арғы сәттері кіреберістегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бейнежазбада жараланған көршінің баспалдақпен төмен қашып бара жатып құлағаны байқалады. Артынша күдікті әйел оны қуып жетіп, бірнеше рет пышақ жарақатын салғаны көрінеді.
Полицияның хабарлауынша, жанжалға қатысқан екінші әйел түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген. Ал күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу баптары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Құқық қорғау органдары тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайтынын мәлімдеді.