Танымал актер Алмат Сақатов депутат болуға қатысты ойын ортаға салып, бұл қызметтің үлкен жауапкершілік пен терең білімді талап ететінін айтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Өнер иесі Instagram парақшасында жариялаған видеосында желі қолданушыларының «Неге депутаттыққа бармайсыз? Қазір әртістер де депутат болып жатыр ғой» деген сауалына жауап берді.
Актердің айтуынша, депутат ең алдымен елдің мүддесін бәрінен жоғары қоятын, Конституцияны жетік білетін, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартудың нақты жолдарын ұсынатын әрі отаншыл азамат болуы тиіс.
«Неге мен міндетті түрде депутат болуым керек? Депутат – дана, білімді, Ата заңды жетік меңгерген, халықтың әл-ауқатына не қажет екенін білетін, еліне шын жанашыр адам болуы керек. Менде сол қасиеттердің кейбірі болғанымен, заңды толық білмеймін. Халықтың тұрмысын түсінемін, бірақ оны қалай жақсартудың нақты тетіктерін білмеймін. Әрине, бәрін үйренуге болады. Бірақ кезінде Құдайберген ағамыз депутат болғанда: «Отырған депутаттардың бәрі әртіс, ішіндегі кәсіби әртіс мен ғана» деген еді. Мен де олардың қатарына қосылып, кәсіби әртіс болып отырғым келмейді», – деді ол.
Сөз соңында Алмат Сақатов депутаттыққа үміткер азаматтарды елдің қамын бірінші орынға қоюға шақырды.
«Депутат боламын деген адам халықтың жағдайын жақсарту үшін күресуі керек. Елдің мүддесін бәрінен биік қойып, бар күш-жігерін соған арнайтын уақыт келді», – деп түйіндеді актер.
Айта кетейік, Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді. Жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты елде бір палаталы жаңа Парламент құрылып, оның құрамына 145 депутат сайланады.