Қазақстанда «Отбасының цифрлық картасы» арқылы отбасылардың әл-ауқаты ай сайын бағаланады. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жүйеде азаматтардың табысы мен шығысы да ескеріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Құрылтайдың жалпы отырысында мәлімдеді.
Министр депутат Наталья Рамазанованың сұрағына жауап бере отырып, отбасылардың мұқтаждық санаты тек жалақысы немесе мүлкіне қарап анықталмайтынын айтты. Жүйе мемлекеттік деректер базаларынан алынған мәліметтерді біріктіріп, үй шаруашылығының жағдайын сегіз негізгі бағыт бойынша бағалайды. Оған жұмыспен қамту, кірістер, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, несие жүктемесі, білім және басқа да көрсеткіштер кіреді. Жалпы, 50-ден астам белгі ескеріледі.
«А санаты – табысы жоғары азаматтар, ал В санатына әл-ауқаты жоғары азаматтар жатады», – деді Ертаев.
Министрдің айтуынша, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер алушылар мен олардың отбасы мүшелерінің келісімімен банк шоттары мен депозиттері туралы мәлімет береді. Осы деректер негізінде отбасылардың кірістерімен қатар шығыстары да ескерілмек.
Ертаевтың сөзінше, «Отбасының цифрлық картасы» біріктірілген 30 дерекқордағы ақпарат күн сайын жаңартылып отырады, ал отбасының әл-ауқат санаты ай сайын анықталады.
Мысалы, отбасы қазан айында В санатында болып, желтоқсанда материалдық жағдайының нашарлауына байланысты С санатына ауысса, оған мемлекеттік қолдау шаралары проактивті түрде тағайындалады. Яғни азаматтарға көмек алу үшін өздері өтініш беруді күтпей, жүйе олардың жағдайындағы өзгерістерге қарай әрекет етеді.
Министрдің айтуынша, бұл тетік отбасылардың материалдық және әлеуметтік жағдайын тұрақты бақылап, әл-ауқаты төмендеген азаматтарға дер кезінде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.