Бірнеше жыл бұрын ипотека десе Отбасы банкі көз алдымызға келетін. 2021 жылы бұл қаржы ұйымы нарықтың 66%-ын иемденіп, баспана несиесі бойынша көш басында тұрған. Алайда кейінгі үш жылда жағдай біртіндеп өзгеріп келеді, деп жазады Ozgeris.info.
2024 жылы банк үлесі 55%-ға дейін төмендеген. Яғни, бұрынғы 10 адамның 6-уы Отбасы банкінен үй алса, қазір бұл көрсеткіш 5 адамның айналасында ғана.
Неге бұлай болып жатыр? Сарапшылардың айтуынша, нарықта бәсеке күшейген. Екінші деңгейлі банктер де ипотекаға қызығушылық танытып, тиімді шарттар ұсынуға көшкен. Соның нәтижесінде олардың үлесі 31%-дан 36%-ға дейін өскен. Бұл – соңғы 8 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.
Ал жаңа ипотекалық несиелердің жалпы көлемі болса, керісінше, қысқарып отыр: 2023 жылы 413 млрд теңге берілсе, 2024 жылдың алғашқы жартысында бұл сома 390 млрд теңгені құраған. Яғни нарық сәл саябырсыған.
Бірақ Отбасы банкінің басқа күшті жағы бар – ол тұрғын үй жинақ жүйесі. Бұл бағытта банк әлі де сөзсіз көшбасшы. 2025 жылдың алғашқы алты айында 3,2 миллион адам осы банкте баспанаға ақша жинап отыр. Жарна ретінде түскен қаржы – 616 млрд теңге. Өткен жылмен салыстырғанда өсім – 39%.
Банк төрайымы Ләззат Ибрагимова да осы бағыттың әлеуеті жоғары екенін айтып отыр:
«Клиенттеріміздің жинақ шоттарында 2,5 триллион теңге жатыр. Бұл – халық сенімінің айғағы. Бүгінде жұмыс істеп жүрген әр үшінші азамат болашақ үйінің қаржысын бізде сақтап отыр. Бұл біз үшін үлкен абырой», дейді ол.
Айта кетейік, халықаралық агенттік Fitch Ratings те банктің қаржылық тұрақтылығын жоғары бағалаған. Ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді рейтинг – «BBB», болжам – «тұрақты».
Бүгінде Отбасы банк актив көлемі бойынша еліміздегі 5-орында, ал меншікті капитал бойынша 4-орында тұр.