Жаңалықтар

«Отанға махаббат отбасынан басталады»: Ұлттық ұланда қызмет ететін өнерлі жұптың хикаясы

«Отанға махаббат отбасынан басталады»: Ұлттық ұланда қызмет ететін өнерлі жұптың хикаясы

Бүгінде Қазақстанның құқықтық тәртіп әскері қатарында тағдырын тоғыстырып, ел игілігі үшін бірге қызмет етіп жүрген 500-ге жуық ерлі-зайыпты бар. Солардың ішіндегі үлгілі отбасылардың бірі – ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Ән-би ансамблінің музыканттары Нұрхан Мұқат пен Алтынай Тастан деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Екі әртіс те Қазақстанның батыс өңірінен шыққан, алайда олардың тағдыры елордадағы әскери қызметте тоғысқан.

  • Нұрхан ансамбльдің фольклорлық тобының құрамында домбырада ойнап, ұлттық өнерімізді дәріптеуге өз үлесін қосуда.

  • Алтынай болса, эстрадалық әндерді нақышына келтіре орындап, әскери ортаның мәдени рухын көтерумен айналысады.

Халықаралық отбасы күні қарсаңында әскери қызмет пен шығармашылықты сәтті ұштастырып жүрген ерлі-зайыптылар өздерінің өмірлік ұстанымдарымен бөлісті. Ауыр әрі жауапты әскери қызметке қарамастан, олар үшін шаңырақтағы сыйластық, ынтымақ пен үйлесім басты орында.

«Әскери қызметтің қаншалықты жауапты екенін барлығымыз жақсы түсінеміз. Өнер де үлкен еңбек пен қажыр-қайратты талап етеді. Сондықтан біз отбасымызда әрдайым бір-бірімізге қолдау көрсетуге тырысамыз. Себебі Отанға деген махаббат отбасынан басталады», – деп атап өтті Нұрхан.

Домбыраның күмбірлеген үні мен әуезді әндер бұл отбасы үшін өнерге және өз еліне деген адалдықтың символына айналған. Ұлттық ұлан музыканттары қоғамдық тәртіп күзетінде тұрып қана қоймай, өз шығармашылығы арқылы ұлттық рухты асқақтатып келеді. Дәстүрді құрметтеп, Отанға адал қызмет етіп жүрген мұндай шаңырақтар – жастар үшін нағыз үлгі. Өйткені берік отбасы – мықты мемлекеттің негізі, ал Отанға қалтқысыз қызмет ету – әрбір азаматтың қасиетті борышы.

Барлық жаңалық