Қоғам

Отандық «Яндекс такси» құрамыз деп инвесторларды тақырға отырғызған алаяқ кім?

Отандық «Яндекс такси» құрамыз деп инвесторларды тақырға отырғызған алаяқ кім?

Алматыда «MyTaxi» компаниясына қатысты дау ушықты. 400-ден астам инвестор жобаға миллиардтаған теңге  салған. Ақырында алаяқтар оларды құр алақан қалдырды. Ең сорақысы, атамлыш компанияның жарнамасын елде белгілі блогерлер жасаған. Қаржы пирамидасының негізін қалаушы өзін табысты кәсіпкер ретінде танытып, адамдардың сеніміне кірген. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады. 

Ерлан Имбергеновті блогерлер мен өзін қаржы сарапшылары деп көрсеткендер  білікті әрі табысты кәсіпкер ретінде жарнамалап келген. Ал «MyTaxi» әлеуметтік желілерде қарқынды дамып келе жатқан бизнес ретінде көрсетілген. Адамдарды жылдық табысы 35%-ға дейін жетеді деп сендірген. Жобаның жарнамасына Батырхан Елемес, Әлібек Жалғасбаев сынды блогерлер қатысқан. Азаматтар олардың сөзіне сеніп, жиған-тергенін салған. 

Компания YouTube роликтері, автопаркті таныстыру сияқты кең ауқымды маркетингтік науқанға аямай ақша салған. Компанияға белгілі блогерлер мен «қаржы сарапшылары» қолдау көрсетті. Зардап шеккендер жобаны жарнамалағандар да жауапқа тартылуы тиіс деп санайды.

«Мен өзімнің жинаған қаражатымды көбейтіп, екі баламды асырауға мүмкіндік жасайын деп 10 миллион теңге салдым. MyTaxi туралы әлеуметтік желідегі жарнама арқылы білдім. Бір жыл сегіз ай бойы келісімшарт бойынша дивидендтер алып тұрдым, бірақ мамыр айынан бастап төлемдер тоқтады. Компания мүлдем байланысқа шықпай қойды, құрылтайшылар тарапынан толық елемеу басталды. Осы қылмысқа қатысы бар адамдардың бәрін жауапқа тартуға көмектесулеріңізді сұраймын», – дейді зардап шеккендердің бірі Гүлнұр Топарова. 

Компания басшылығы мәлімдеген автопарк сол күйі пайда болмады. 2,5 млрд теңгеден астам қаржы желге ұшты. Директордың туыстары миллиондап жалақы алып отырғаны анықталды. Бастапқыда компания басшысы байланысқа шығып, кездесуге уәде берген, төлемдер қайта басталады деп сендірген. Кейін Ерлан Имбергенов із-түссіз жоғалып кеткен. Ол өзіне ай сайын 20–25 млн теңге көлемінде жалақы бекітіп, ақшаны жұбайы Динараның шоттарына аударғаны белгілі болды.

Зардап шеккендердің айтуынша, мұндай алаяқтықтың артында бір адам емес, тұтас ұйымдасқан топ тұр. Имбергенов пен оның әйелі төлемдер кешіге бастаған кезде АҚШ-қа виза рәсімдеген. Куәгерлердің айтуынша, ол «қаласам баяғыда кетіп қалар едім» және «Мексикада отырып алармын» деген сөздер айтқан.

Автопарк пен сервистік орталыққа инвестицияға алынуы тиіс бірде-бір көлік сатып алынбаған. Кей мәліметтерге қарағанда, «Береке Банк» арқылы шамамен 20 көлік лизингке алынған, бірақ бұл жымқырылған қаржымен салыстыруға келмейді. 

MyTaxi-дің бұрынғы IT-бөлім жетекшісі инвесторларға «Яндекс.Такси» үлгісіндегі сервис уәде етілгенін, бірақ іс жүзінде ештеңе жасалмағанын айтады.

Белгілі болғандай, MyTaxi-ге дейін Ерлан Имбергенов дәл осындай схема бойынша басқа жобаларды іске қосқан екен. Ол жерде де инвесторлар алдындағы міндеттемелер орындалмаған. Жаңа қаражат ескі инвесторларға төлеуге жұмсалған. Зардап шеккендердің айтуынша, қазір Имбергенов Drivehone деген жаңа атаумен инвестиция тартып жүр, Facebook платформасын қолданады екен. Instagram-нан әдейі қашады.

Имбергенов қазір іздеуде. Зардап шеккендер полицияға, Қаржы мониторингі агенттігіне және еңбек инспекциясына жүгінген. Алайда, бес айдан бері ресми жауап ала алмай отыр. Адвокаттың өтініші бойынша Имбергенов ресми түрде күдікті деп танылды, оны іздеу жөнінде нұсқау берілді. Тергеу мәліметіне қарағанда, ол Қызылорда облысында болуы мүмкін.

Адвокаттар істің аудандағы полиция бөлімшесінде тергеліп жатқанын, бірақ оның барлық белгілері аса ірі көлемдегі қылмыс ретінде қарастырылуы керек екенін айтады. Оған үш негізгі белгі бар:

1. Зардап шеккендердің саны – ондаған адам.

2. Аймақаралық сипат – әртүрлі облыстан азаматтар жәбірленген.

3. Топтық сөз байласу – әрекеттерді жалғыз адам емес, тұтас топ жасаған.

«Мойтаксишка» атты заңгерлік компанияның шоттары арқылы орасан қаржы мен транзакциялар өткен, сондықтан ол да Қаржы мониторингі агенттігінің тексеру нысанына айналуы тиіс.

11 қыркүйекте зардап шеккендер Алматы қаласы прокурорының орынбасарымен кездесіп, істі аудандық полиция басқармасынан алып, экономикалық тергеулер департаментіне беруді тапсырған. Алайда бұл нұсқау орындалмай, іс аудандық деңгейде қалды. Зардап шеккендер схемада Имбергеновтен бөлек оның туыстары да бар деп санайды, бірақ олар әзірге ресми түрде жауапқа тартылған жоқ.

4 млрд теңге аз емес, жүздеген отбасының жинақ ақшасы. Сондықтан қаражаттың қайда кеткені мен бұған кім жауап береді деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр. 

Барлық жаңалық