Қазақстандықтардың көпшілігі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағытын құптайтынын көрсетті. Бұл туралы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген кең ауқымды әлеуметтік сауалнама мәлімдеді. Сауалнама 11 шілде мен 12 тамыз аралығында өтіп, оған 17 облыс пен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 8000 адам қатысқан, деп жазады Ozgeris.info.
Зерттеу нәтижесі қазақстандықтардың Президентке деген сенімінің тұрақты түрде жоғары екенін көрсетті. Қатысушылардың 82,4 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатын қолдайтынын айтқан.
«Әлеуметтік зерттеу респонденттердің Президент институтына сенімінің жоғары екенін көрсетті: азаматтардың 82,4 пайызы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үлкен қолдау білдіріп отыр. Мұндай жоғары көрсеткіш кейінгі жылдары жүзеге асқан әлеуметтік және экономикалық реформалармен байланысты. Мемлекеттік бағдарламалар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға, жұмыс орындарын көбейтуге бағытталған. Осындай шаралар азаматтардың сенімін арттырғанын көрсетеді» деп хабарлады институт сарапшылары.
Жас ерекшелігіне қарай сенім деңгейі әртүрлі. Президентке ең жоғары қолдау білдіргендер 18 бен 29 жас аралығындағы жастар болып шықты. Олардың 90,3 пайызы Тоқаевтың саясатын құптайды. Сарапшылар мұны жастардың жаңа мүмкіндіктерге, білім мен жұмыспен қамту саласындағы бағдарламаларға қызығушылығымен түсіндіреді.
«Жастар жаңа реформаларды өз өміріне тікелей әсер ететін қадам деп қабылдайды, сондықтан Президент саясатына сенім деңгейі бұл санатта өте жоғары. 30 бен 45 жас аралығындағы азаматтардың 82,4 пайызы, 46 мен 60 жас аралығындағылардың 78,6 пайызы, ал 61 жастан асқандардың 77,8 пайызы сенім білдірген. Бұл көрсеткіштердің айырмашылығы үлкен емес, яғни, қолдау барлық жастағы азаматтар арасында жоғары деңгейде сақталып отыр» дейді институт сарапшылары.
Сауалнамада ауыл мен қала тұрғындарының көзқарасындағы айырмашылық та анық байқалды. Ауыл халқының 84,9 пайызы Президентке сенім білдірсе, қала тұрғындарының 80,9 пайызы қолдайтынын айтқан. Сарапшылар мұны соңғы жылдары ауылдық жерлерге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың әсерімен байланыстырады. Әсіресе инфрақұрылымды жаңарту, жол салу, ауыз су мен интернет мәселелерін шешу сияқты бастамалар ауыл халқының көңілінен шыққан.
«Ауыл халқы мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін сезініп отыр, сондықтан олардың сенім деңгейі қала тұрғындарымен салыстырғанда сәл жоғары» деп түсіндіреді мамандар.
Салалар бойынша да қолдау деңгейі жоғары. Білім беру саласының қызметкерлерінің 89,6 пайызы, денсаулық сақтау мамандарының 84,5 пайызы, мемлекеттік қызметшілердің 87,1 пайызы, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің 96,9 пайызы, ауыл шаруашылығы саласындағылардың 86,2 пайызы, ғылым саласының өкілдерінің 85,7 пайызы және мәдениет пен өнер саласы мамандарының 85,9 пайызы Тоқаевтың саясатын қолдайды. Сарапшылардың айтуынша, бұл көрсеткіш мемлекеттік саясаттың әр салада нақты нәтижелер бергенін білдіреді.