Продюсер әлеуметтік желідегі парақшасында денсаулығына байланысты қайта ота жасау қажет болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Оның сөзінше, бұған дейін Қырғызстанға барып, өтіндегі тасты алдырғанымен, кейін дәрігерлер өт қабының толыққанды жұмыс істемей тұрғанын анықтаған.
«Қырғызстанға барып, тасын алдық деп қуанып жүргенімде, дәрігерлер өт мүлде жұмыс істемей тұрғанын айтты. Сондықтан Қырғызстанға бармай-ақ, Қазақстанда өтті толық алдырған дұрыс екен. Енді қайтадан ота жасауға тура келеді», – деп жазды ол.
Сондай-ақ продюсер соңғы уақытта ағасының сырқаттанып қалғанына қатты алаңдағанын да жасырмады. Оның айтуынша, жақынының жағдайы біршама жақсарған.
«Ағамның беті бері қарады. Өзім де уайымдап, мазам қашып жүрген еді. Аллаға шүкір, енді шаруаларыммен Шымкентке жолға шықтым. Алла баршаңызға, бауырларыңызға және отбасыларыңызға амандық берсін», – деді ол.
Желі қолданушылары пікір қалдырып, продюсерге қолдау білдіріп, тезірек сауығып кетуіне тілектестік танытты.