Жаңалықтар

Өскеменде судья ірі көлемдегі парамен ұсталды

Өскеменде судья ірі көлемдегі парамен ұсталды

Өскеменде Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы пара алды деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.

Бұл ақпаратты Жоғарғы соттың баспасөз қызметі растады.

Ресми мәліметке сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті мен Сот әкімшілігінің ішкі қауіпсіздік бөлімі бірлесіп жүргізген операция барысында сот алқасының төрағасы Б. аса ірі көлемде пара алып жатқан жерінен ұсталған.

«Ол мүдделі тараптың пайдасына оң шешім шығару үшін пара алған», — делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, барлық мән-жай анықталып жатыр.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпарат бойынша, сот төрағасы Әділ Бакин айыпталушыны бас бостандығынан айырмау үшін 40 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

Ал Kozachkov offside Telegram арнасының мәліметінше, судья 100 мың доллар көлемінде пара алды деген күдік бар. Ақша Бакин мен делдал арасында бөлінуі тиіс болғаны айтылады.

Сондай-ақ арна мәліметінде бұл қаражат үшін сот алқасының төрағасы Шемонаиха ауданындағы компания басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша оң шешім шығаруға уәде бергені жазылған. Аталған кәсіпкерлер мамыр айында жер қойнауын заңсыз пайдалану фактісі бойынша жауапкершілікке тартылған.

Қазір судья Әділ Бакинге қатысты Қылмыстық кодекстің «аса ірі мөлшерде пара алу» бабы бойынша күдік келтірілген. Бұл бап 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Барлық жаңалық