Үлбі полиция бөлімінің қызметкерлері есепте тұрған отбасыларды тексеріп, саяжай аумақтарын аралау жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты Madeinportal.kz сайтына сілтемемен.
Тексеру кезінде полиция капитаны Әсел Тукушева бақылау мақсатында үйлердің біріне кірген. Табалдырықтан енді аттаған сәтте-ақ ол үй ішінен уландырғыш газдың өткір иісін сезіп, бірден қауіптің барын аңғарған.
Бұл үйде бес баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ана тұратын. Балалардың үлкені — 17 жаста, ең кішісі — 3 жаста. Газ иісі күшейіп бара жатқандықтан, полиция қызметкері жағдайды бағамдап, дереу әрекетке көшкен. Ол отбасын шұғыл түрде қауіпсіз жерге эвакуациялап, қайғылы жағдайдың алдын алды.
Оқиға орнына шақырылған ТЖД мамандары пештегі техникалық ақаулар салдарынан үй ішіне улы газ таралғанын растады. Қауіп деңгейі жоғары болғандықтан, ана мен бес бала уақытша Өскемендегі дағдарыс орталығына орналастырылды.
Полиция капитаны Әсел Тукушеваның жеделдігі мен қырағылығының арқасында бір отбасының алты мүшесі аман қалды. Уақтылы жасалған әрекет аса ауыр зардаптардың алдын алды.