Өскеменде автокөлік иесі көлігіне келтірілген залал үшін коммуналдық мекемені сотқа беріп, жеңіп шықты, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengri Auto сайтына сілтемемен.
Оқиға 4 сәуір күні орын алған. Қаланың бір аумағында тұрған көліктің үстіне ағаш құлап, оны толық жарамсыз күйге түсірген. Сарапшылар көліктің нарықтағы құнын 2,5 миллион теңгеге бағалаған.
Тексеру нәтижесінде ағаштың қалалық аумақта орналасқаны анықталды. Бұл аумаққа жауапты – коммуналдық мекеме. Олардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасымен жасасқан келісімшартына сәйкес, мекеме көшелерді тазалау мен апатты жағдай тудыруы мүмкін ағаштарды кесіп тастауға міндетті болған.
Сотта дәл осы міндеттердің орындалмауы себепті ағаштың құлағаны айтылып, коммуналдық мекеменің әрекетсіздігі салдарынан көлік иесіне материалдық зиян келгені дәлелденді.
Сот шешімі бойынша кәсіпорын көлік иесіне 2 418 250 теңге өтемақы төлеуге және 248 508 теңге сот шығындарын өтеуге міндеттелді. Ал көліктің металға тапсыру құнын (81 750 теңге) өндіріп алу туралы талап қабылданбады.
Алайда, сот шешімі әзірге заңды күшіне енбеген.