Жаңалықтар

Orda.kz сайты өз жұмысын тоқтатты

Orda.kz сайты өз жұмысын тоқтатты

Orda.kz редакциясы 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жұмысын толық тоқтататынын мәлімдеді. Бұл шешім негізгі ақпараттық ресурсқа ғана емес, редакцияға тиесілі әлеуметтік желідегі барлық парақшаға, соның ішінде YouTube арнасына да қатысты, деп хабарлайды Ozgeris.info

Редакцияның хабарлауынша, жұмысты тоқтату туралы шешімді «Ordamedia.kz» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі алғашқы басшысы Мақсат Ғаниев қабылдаған.

«Құрметті оқырмандар! Orda.kz редакциясы 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап жұмысын толық тоқтатуға мәжбүр екенін өкінішпен хабарлайды. Жабылу негізгі ақпараттық ресурсқа да, редакцияға тиесілі әлеуметтік желідегі барлық аккаунтқа, соның ішінде YouTube арнасына да қатысты. Жұмысты тоқтату туралы шешімді «Ordamedia.kz» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі алғашқы басшысы Мақсат Ғаниев қабылдады», – делінген мәлімдемеде.

Басылым жұмысының тоқтауына қаржылық қиындықтар себеп болған. Редакция бұл шешімнің астарында өзге мән немесе басқа себеп жоқ екенін атап өтті.

«Қабылданған шешімнің ешқандай астары жоқ: редакция табатын қаражат оның қызметін қамтамасыз етуге жетпейді. Қазіргі жағдайға алып келген бұдан өзге ешқандай себеп жоқ. Редакция өз міндеттемелерінің толық орындалуы үшін бар күшін салады. Қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарындағы әріптестерімізден тек редакцияның ресми мәлімдемелеріне сүйенуді сұраймыз», – деп жазды Orda.kz бас редакторы Анна Платонова.

Редакция 31 тамыздың соңына дейін материал жариялауды жалғастырады. Ал 1 қыркүйектен бастап сайт пен оған тиесілі әлеуметтік желілерде жаңа жарияланымдар шықпайды.

«Бізбен бірге болғандарыңызға рақмет», – деп түйіндеді редакция.

Барлық жаңалық