Жаңалықтар

Оралда екі бала терезеден құлап кетті

Оралда екі бала терезеден құлап кетті

Орал қаласында жыл басынан бері көпқабатты тұрғын үйлердің терезесінен екі бала құлап кеткен, деп хабарлайды  Ozgeris.info сайты. 

Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы Нұралы Мусиев мәліметінше, оқиғалардың бірінде бала үшінші қабаттан, екіншісінде екінші қабаттан құлаған. Абырой болғанда, екі жағдайда да адам шығыны тіркелмеген.

Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегіне сүйенсек, бес жастағы бала 28 наурыз бен 13 сәуір аралығында облыстық көпсалалы балалар ауруханасының травматология бөлімінде емделген. Қазіргі таңда ол неврология бөлімінде емін жалғастырып жатыр, жағдайы орташа ауыр деп бағалануда.

Ал алты жастағы тағы бір бала 28 ақпаннан 11 наурызға дейін дәрігерлер бақылауында болған. Қазір оның жағдайы тұрақталған.

Нұралы Мусиев бұл оқиғалар көпқабатты үйлердегі қауіпсіздік мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет.

«Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау – баршаға ортақ жауапкершілік», – деді ол.

 
 
Барлық жаңалық