Әнші Тоқтар Серіков 7-арнадағы «Әйгерім Сейфолланың сырласуы» бағдарламасында жақын досы, белгілі өнер иесі Мейрамбек Бесбаевпен не себепті құда болғысы келмейтінін ашық айтты деп хабарлайды Оzgeris.info сайты JANABASTAU.kz сайтына сілтемемен.
— «Мейрамбекті досым емес, ағайынымдай жақсы көремін. Ертең менің ұлым мен оның қызы көңіл жарастырып, құда болайық десе, мен үшін өте ауыр болуы мүмкін. Себебі Мейрамбегімді ешқандай жамандыққа қимаймын. Ол менің жандүниемнің жартысы сияқты. Оның баласына өз баламдай қараймын», — деді әнші.
Сондай-ақ Тоқтар Серіков Сәкен Майғазиевпен де бала кезден аралас дос екенін айтып өтті.
— «Біздің балаларымыздың арасында сондай сезім пайда болса, әрине, қарсы емеспін, қуаныштымын. Бірақ ондай нәрсені жүрегім қабылдай алмайтын сияқты. Себебі олар ет жақынымдай болып кеткен. Олар үшін отқа түсуге дайынмын. Бірақ құда болсам, кейін қандай да бір түсініспеушілік туындап, достығымызға сызат түсіп кетуінен қорқамын. Сондықтан достармен дос болып қалған дұрыс», — деп түйіндеді Тоқтар Серіков.
Әншінің бұл сөзі желіде кеңінен талқыланып, көпшілік оның достыққа адалдығын жоғары бағалады.