💰 Экономика

Онлайн-казино жарнамалаған блогерлерге қылмыстық жаза қолданылуы мүмкін

Қазақстанда онлайн-казино жарнамалаған блогерлерге енді қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Мұндай ұсынысты Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов Үкімет отырысында айтты, деп жазады Ozgeris.info.

Оның айтуынша, кейінгі уақытта әлеуметтік желілерде онлайн-казино жарнамасы көбейіп кеткен. Бұл жағдай ойынқұмарлықтың таралуына, әсіресе жастар арасында тәуелділіктің артуына әсер етіп отыр.

«Көп блогер заңды жақсы біледі, бірақ оған мән бермейді. Қолданыстағы айыппұлдар олардың табысына шаққанда тым аз. Сондықтан мұндай жарнама үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет деп санаймыз», деді Бижанов.

Агенттіктің дерегінше, қазіргі таңда 18 блогер әкімшілік жауапқа тартылған. Жалпы, 37 инфлюенсердің онлайн-казино жарнамалағаны анықталған.

Қайрат Бижановтың айтуынша, жаңа шара қаржы пирамидаларын жарнамалауға қарсы қолданылып жүрген заңға ұқсас болады. Үкімет бұл бастаманы қолдап отыр.

Айта кетсек, бұған дейін де осындай жағдайлар тіркелген. Тамыз айында жарияланған дерек бойынша, жыл басынан бері 34 блогер онлайн-ойын жарнамалаған. Олардың 11-і әкімшілік жаза алған, қалған істер Мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберілген.

Барлық жаңалық