Жаңалықтар

"Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ": Пхукетте жоғалған Кисло-Сладкий табылды

"Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ": Пхукетте жоғалған Кисло-Сладкий табылды

Тайландта жоғалып кеткен қазақстандық рэпер Дархан Жұмабек табылды. Өнер иесі көпшілікке "Кисло-Сладкий" лақап атымен танымал. Ол қазір жергілікті ауруханалардың бірінде жатыр. Музыкантты іздеу жұмыстарының аяқталғаны туралы режиссер Парасат Ибраев әлеуметтік желіде хабарлады, деп жазады ozgeris.info сайты.

Түсірілім тобы жігіттің емдеу мекемесінде екенін жергілікті тұрғындардан естіген. Ақпарат түсе сала олар Парасатпен бірге дереу ауруханаға жетті. Әзірге дәрігерлер ішке кіргізбей, сыртта күте тұруды сұраған. Сондықтан музыканттың нақты қандай жағдайда екені, басынан не өткені беймәлім. Команда жақсы жаңалық күтіп отыр.

Дегенмен өнерпаздың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ол қазір мамандардың жіті бақылауында. Режиссер мен оның тобы іздеуге көмектескен барлық еріктілер мен жергілікті азаматтарға үлкен алғыс білдірді. Жауапты адамдар оқырмандарды жалған ақпаратқа берілмей, тек сенімді көздерге құлақ асуға шақырды.

Дархан тағы бір тәулік бойы палатада болып, күш жинаған соң ертең тікелей эфирге шығуы мүмкін. Ол сол кезде оқиғаның мән-жайын өзі баяндап береді. Топ мүшелері үшін ең бастысы адамның дін аман табылғаны маңызды болып тұр.

Бұған дейін Парасат Ибраев әншінің жоғалып кеткенін жар салған еді. Дархан досымен бірге Тайланд еліне саяхаттап барған. Ол екі бірдей бейнебаян түсіру үшін Бангкоктан Пхукет аралына ұшып келуі керек болатын. Алайда рэпер түсірілім алаңына келмеді. Телефоны сөніп қалғандықтан байланыс мүлдем үзілді.

Осы жағдайдан кейін команда жергілікті полицияға баруды ұйғарған. Мақсат бейнебақылау камералары арқылы оның жүріп өткен маршрутын анықтау болды. Режиссер бұл оқиғаның ешқандай пиар еместігін алдын ала кесіп айтқан еді.

Барлық жаңалық