Жаңалықтар

Омбыға дрон шабуылы жасалды: әуежай жұмысы тоқтатылды

Омбыға дрон шабуылы жасалды: әуежай жұмысы тоқтатылды

Украиналық Telegram-арналарда Украинаға тиесілі болуы мүмкін ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондардың) Омбыға шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады.

Әлеуметтік желілерде жарияланған видеоларда, жазба авторларының мәліметінше, дрондар қалаға қарай ұшып бара жатқаны, сондай-ақ Омбы мұнай өңдеу зауыты маңындағы өрттің кадрлары көрсетілген.

Алайда шабуылдың нақты Омбы мұнай өңдеу зауытына жасалғаны әзірге ресми түрде расталған жоқ. Сондай-ақ зардап шеккендер мен келтірілген шығын көлемі туралы да ресми ақпарат жарияланбады.

Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценконың мәліметінше, Украинаға тиесілі ұшқышсыз ұшу аппараты алғаш рет Омбы облысының әуе кеңістігінде атып түсірілген. Осыған байланысты Омбы әуежайының жұмысы да алғаш рет уақытша тоқтатылды.

Соның салдарынан бірнеше әуе рейсі қосалқы әуежайларға бағытталды:

  • Сургуттан ұшқан ЮТ139 рейсі Новосібірге;
  • Санкт-Петербургтен ұшқан FV6473 рейсі Сургутқа;
  • Мәскеудің Шереметьево әуежайынан шыққан SU1688 рейсі Новосібірге;
  • Ташкенттен ұшқан C6463 рейсі Астанаға бағытталды.

Exilenova+ Telegram-арнасының мәліметінше, нысанаға қанатының пішіні өзгеше FP-1 дронының жаңа модификациясы жеткен болуы мүмкін. Омбы қаласы Украинадан шамамен 2500–2700 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, бұл соғыс басталғалы бергі ең алыс қашықтықтағы шабуылдардың бірі болуы ықтимал.

Ал АЖ дереккөзі Омбы мұнай өңдеу зауытында өрт шыққанын хабарлады.

Өз кезегінде Омбы облысының губернаторы әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері өңірге жасалған ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына тойтарыс беруді жалғастырып жатқанын мәлімдеді.

Барлық жаңалық