Жаңалықтар

Нұрлан Сабуровқа Ресей аумағына кіруге 50 жылға тыйым салынды

Нұрлан Сабуровқа Ресей аумағына кіруге 50 жылға тыйым салынды

Ресейлік БАҚ-та қазақстандық танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны жөнінде ақпарат тарады. Бұл туралы ozgeris.info ресейлік телеграм арналарына сілтеме жасап хабарлайды. 

SHOT басылымының мәліметінше, Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынған. Хабарламада стендап-әртіс Дубайдан ұшып келіп қонғаннан кейін Мәскеудегі Внуково әуежайында ұсталғаны айтылады.

“34 жастағы әзілкеш Fly Dubai рейсімен елордаға ұшып келген. Ол Әмірліктерге автокөлік компаниясының жарнамасын түсіруге барған. Паспорттық бақылаудан өту кезінде Сабыровты бөлек бөлмеге алып кіріп, Ресейге кіруге тыйым салынғаны туралы құжат табыстаған”, – делінген хабарламада.

Бұған дейін Екатеринбург, Омбы, Нижний Тагил, Обнинск, Қорған, Рязань және Обнинск секілді Ресейдің бірнеше қаласында Сабыровтың концерттері өтпейтін болған еді. Ұйымдастырушылар мұны “қарсы тұруға болмайтын жағдайларға” тап болғанын түсіндіріп, көрермендерге билет ақшасы 180 күн ішінде қайтарылатынын уәде еткен.

Telegram-дағы Baza арнасының деректеріне сәйкес, мұндай шешімге оның бұған дейінгі жасаған құқықбұзушылықтары және Украинадағы соғысқа қатысты сыни пікірлер айтқаны себеп болуы мүмкін. Тыйым 30 қаңтардан бастап күшіне енгені айтылады.

“Мұндай шешім СВО-ны сынауы, көші-қон және салық заңнамалары бұзылғандықтан қабылданды”, – деп жазады басылым.

Сондай-ақ Танымал әзілкеш Нұрлан Сабыров Дубайға депортациялаудан бас тартып, Қазақстанның Алматы қаласына билет алған. Ол алдымен паспорттық бақылауда ықтимал депортация туралы нақтылап алғаннан кейін, Алматыға билет сатып алған көрінеді.

Басылымның мәліметінше, комик Дубайға депортациялаудан бас тартқан, бұған “міндетті түрде қолына кісен салынып ұшу” шарты себеп болуы мүмкін. 

SHOT Telegram-арнасынасының ақпаратына сәйкес, әзілкештің 160 миллион рубль (1 миллиард теңге) тұратын мүлкі Ресей аумағында қалды.

Арнаның ақпаратына сәйкес, әзілкеш 2022 жылғы ақпанда элиталық қала сыртындағы кенттен екі қабатты үй сатып алған. Сонымен қатар “Новорижский” тұрғын үй кешеніндегі аумағы 1285 шаршы метр жер телімі де бар. Стендап әртіс әрі “ЧБД” жүргізушісі дәл сол жерде жұбайымен және үш баласымен бірге тұрған. Бұл мүліктің жалпы құны шамамен 130 миллион рубльге (834 миллион теңге) бағаланады.

Бұған қоса, Сабыровтың меншігінде “SBR” деген нөмірі бар 2018 жылғы “Гелик” көлігі бар, оның құны шамамен 20 млн рубль (128 миллион теңге). Сондай-ақ шамамен 11 млн рубль тұратын 2021 жылғы Cadillac Escalade (70 миллион теңге) автокөлігі де тіркелген.

Барлық жаңалық